Хабар телеарнасы

Ақтөбеде халықаралық әуежайдың жанынан арнайы экономикалық аумақ құрылады

Ақтөбеде Әлия Молдағұлова атындағы Халықаралық әуежайдың жанынан арнайы экономикалық аумақ құрылады. Ауданы 858 гектар жерде кемінде 1 трлн теңгеге, 40-там астам ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл – Президенттің логистикалық хаб құру жөніндегі тапсырмасы. Мұны бүгін Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, Астанада өткен брифингте айтты. Жалпы аймақтың дамуы қалай?

1 млн-ға жуық халқы бар Ақтөбе облысының тыныс-тіршілігімен жақында ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі танысып қайтты. Биыл бұл өңірге 764 млрд теңге инвестиция тартылыпты. Аймақ басшысы: «Алдағы жылы аталған көрсеткішті 1 трлн теңгеге жеткізіп, 1 мыңнан астам жұмыс орнын ашамыз»,– деп отыр. Ал жыр болған жолдардың жайы не болмақ?

Асхат Шахаров, Ақтөбе облысының әкімі:

-Ең өзекті мәселе - күретамыр жол, халықаралық деңгейдегі Самара-Шымкент. Оның ішінде Ақтөбе-Хромтау бағытына тоқталғым келеді. Бір жыл бұрын да осы сұрақ қойылды. Жалпы министрлікпен біраз жұмыс атқарып келеміз. Қазіргі таңда 7 учаскеге бөліп, екінші учаскеде құрылыс-монтаж жұмыстарын бастадық. Жалпы 4 жолақты болады.

Облыс әкімі: «Келесі жылы өңірдегі жақсы жағдайдағы автожолдардың үлесін 80% жеткіземіз»,– дейді. Ол үшін 33 млрд теңге бөлінбек. Биылғы көктемгі су тасқынынан қатты зардап шеккен аймақтардың бірі осы – Ақтөбе облысы. Өңірде апаттың салдарынан 4 мыңнан астам үй суға кетті. Олардың 1 мыңы жарамсыз күйге түскен. Аталған отбасыларға кәсіпкерлердің көмегімен жаңа үй тарту етілсе, қалған 3 мыңнан аса үйдің иесіне жөндеу жұмысына қажетті өтемақы төленген.

Асхат Шахаров, Ақтөбе облысының әкімі:

-Бұдан бөлек, мемлекет қолдауының арқасында бүгінгі күні 13 білім беру, 2 спорт және 1 денсаулық сақтау нысандарын жөндеуге және құрылысына, сондай-ақ 47 шақырым автожолдарды, 23 көпір, 22 гидротехникалық құрылыстарды қалпына келтіруге толық қаржы бөлінген болатын.

Ақтөбе облысында таза ауызсумен қамтамасыз етілмеген 10 шақты ауыл бар. Аймақ басшысы алдағы жылы олардың барлығына су құбыры тартылатынын айтады. Сондай-ақ 24 ауыл газдандырылмақ. Ал бұрын-соңды интернет болмаған 27 ауылға ғаламтор желісі жеткізіледі.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Аманжол Байғазин