Абай облысының Абыралы ауылына айрықша мәртебе қажет
Семейден 300 шақырымдағы 40 жыл ядролық сынақ полигонының зардабын тартқан - Абыралы өңірінің тұрғындары бұрынғы аудан мәртебесін қайтаруды сұрайды. Әкімшілік-аумақтық орналасуы жағынан орталықтан шалғай болғандықтан аймақтағы халық саны азайған. Бірнеше ауыл бос қалған. Бұрынғы Абыралы ауданының аумағында қазір 6 ауылда 4 мыңнан астам халық тұрады. Тұрғындардың пікірінше, адамның аздығына қарамастан ауданды қайта қалпына келтіру керек. Оған барлық мүмкіндік бар. Әкімшілік, әлеуметтік нысандар бұзылмай сақталған. Мал өсіруге де мүмкіндік мол. Жайылым жер жеткілікті. Өңірде соңғы жылдары кен орындары да көбейген. Тұрғындар осы уәжін Экономика министрлігінің өкілдері мен облыс басшыларына жеткізді.
Құдайберген Тұрысбеков, Қайнар ауылының тұрғыны:
- Аудан құрылса, халық болады ғой. Абыралы ауданы құрылғанда 4 мың халық болған, 13 мыңға жетті. Ауданның орталығы болған Қайнар ауылында бұрынғы мекемелердің бәрі тұр. Полиция тұр, мектеп тұр. Прокуратура тұр. ДЭУ тұр. Мәдениет үйі, ауруханада бөлімдердің бәрі бар. Тек мамандар келсе, халық көбейсе, бәрі істеп кетеді.
Нұрлан Мақсұтов, ҚР ҰЭМ өңірлік даму департаменті директорының орынбасары:
- Ұсыныстардың барлығын тыңдап, содан әрі қарай зерделеу жұмыстары жүргізілетін болады. Содан кейін бір шешім қабылданады. Халықтың санына да қарау керек. Әр ауылдың өзінің даму әлеуеті де болуы керек. Соны да зерделеп қараймыз.