Қостанайдағы қару-жарақ дүкеніндегі жарылыс: директорға үкім шықты
4 адамның өліміне әкеліп соққан оқиғаға дүкен директоры Сергей Бескровный кінәлі деп танылды. Ол өрт қауіпсіздігін сақтамағаны үшін айыпталды. 495 млн теңге өтеу жөнінде жәбірленушілер тарапынан түскен шағым ішінара қанағаттандырылды. Естеріңізге салайық, өткен жылдың 3 қыркүйегінде Қостанайдың орталығында «Қару-жарақ палатасының» дүкені жарылып, сол маңдағы 8 жер үй, бір техникалық қызмет көрсету орталығы отқа оранған еді. Сауда орнында жұмыс істеген төрт қызметкер қаза тапты. Қайғылы оқиғаға кінәлі деп танылған дүкен директоры Сергей Бескровныйға сот 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Айыпталушы жақ бұл үкіммен келіспеді. Аппеляциялық шағым түсіреміз деп отыр.
Анар Шаймұрынова, №2 Қостанай қалалық сотының судьясы:
- Жиналған айғақтар абайсызда қылмыстық құқықбұзушылық жасалғандығын толық дәлелдейді. Заң бабында мұндай қылмысқа 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру санкциясы қаралған. Сот айыпталушының кішкентай баласы бар екендігін ескеріп, соның төменгі шегін тағайындап отыр. Сондай-ақ қару-жарақ айналымы саласында басшылық, әкімшілік-шаруашылық, ұйымдастырушылық жұмыстармен айналысуға 2 жылға тыйым салынады.