Зұлмат жылдар зобалаңы. Ақиқатты айта алып жүрміз бе?
Қазақстан әділдік бағытында ауқымды өзерістерді бастап кетті. Бұл қазақ елім деп құрбан болған алаш арыстары аманатына адалдығымыз болар еді.
Перизат Сәдуақас, саяси қуғын-сүргін құрбаны болған Жанайдар Сәдуақасовтың немере қарындасы. Атасының мол мұрасын жинаған Перизат, өмірін ұлт мүддесіне арнаған тұлғалардың тағдырына үңіліп жүрген тарихшы. Жанайдар атасының мектеп, театр ашу ісінде белсенді болғанын және қазақы құндылықтар жолында күрескенін айтады. Бұл дәлелді ақиқат.
Перизат Сәдуақас, Жанайдар Сәдуақасовтың немере қарындасы:
- 1937 жылдың қыркүйегінде ол кісі қамауға алынады. 1938 жылы 25 ақпанда халық жауы деген жаламен атылады. Соттың хаттамасын қарайтын болсақ, ол Жапонияның тыңшысы, ұлтшыл, қазақ жерінде кеңестік үкіметті құлатуға тырысқан деген сияқты жалған жалалар жабылған. Ол кісінің ең соңғы сот хаттамасын оқыдым. Сонда ол өзінің ең соңғы берген сөзде тергеу барысында қысыммен айтылған сөздерінің шындыққа жанаспайтынын айтқан.
Иә, қаншама ұлт зиялысы сұрқия саясаттың құрбаны болды. 1920-1950 жылдар аралығында 100 мыңға жуық адам сотталып, 20 мыңнан аса азамат ату жазасына кесілді.
Бүркітбай Аяған, тарих ғылымдарының докторы:
- 1925 жылы орталық комитет өте құпия құжат қабылдайды. Сонда айтады: 2-3 жыл сайын жұмысшы табының арасын тазалап отыру керек дейді, чистка дейді олар. Одан кейін шаруалар дейді. Ұлттық партиялар, Алаш кетті арасында.
Айыпсыз атылған арыстарымыз қаншама?! Әлі күнге нақты дерек жоқ.
Осы сұрақтың жауабын білу үшін осыдан 3 жыл бұрын мемлекеттік комиссия құрылған еді. Мемлекет басшысы арнайы жарлық шығарып, жазықсыздарды ақтау бойынша жұмыс басталған болатын. Қазір шаң басқан архивтерден 1,5 млн адамның құжаты табылып, 300 мың азаматтың нақақтан-нақақ күйіп кеткені дәлелденіп, ақтауға ұсынылды.
Еркін Әбіл, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:
- Әрине біз бәрі кінәлі емес деп айта аламыз, бірақ бұл саяси ақтау болады тек қана. Құқықтық ақтау кезінде әр адамның сол кезде бұзылған құқығы қалпына келуі керек. Сондықтан біз әрбір адамды айтуымыз керек, мінекей осындай адамның құқығы былай бұзылды деп. Сотталғандар бар, сотталмағандар бар. Менің арғы атам, мысалы. Сондықтан қазіргі заң бойынша оны ақтау мүмкін емес. Себебі оны ешкім айыптаған жоқ, ол тұтқындалды да тергеу изоляторында қайтыс болды. Сондайлар көп.
Сол себепті саяси-қуғын сүргін құрбандарының әлі күнге нақты саны жоқ. Қиянатқа толы солақай саясат жүргізген Кеңес заманы өтті. Ғалымдардың байыппен саралап, ақиқатты алып шығуға қолдары жетті. Бұл бағытта 240 тарихшы ғалым ізденіп, жұмыс істеп жатыр. Зерделеу барысында қандай да бір ақпарат іздеп табу үшін жазықсыз қудалауға түскен тұлғалардың туыстарынан да сұқбат алып, зерттеу материалдарына алынып отыр.
Күлпаш Ілиясова, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент:
- Сауалнаманың өз формасы бар. Сол форма бойынша мен қазір 7 адамнан сұқбат алдым. Бір ғана Қайреддин Болғанбаевтың немересі Жамбыл Тұяқовтан алған инетревьюіміз 3 сағатқа созылды... Соны қағазға түсіріп хаттап, оны өткіземіз.
Кеңес үкіметінің аяусыз сұм саясаты салдарынан қарсы шыққандар мен жан сауғалап қашқандарды да жазаланғаны рас. Иә, ауыз әдебиеті бізге мұны бұрын да жеткізген. Бірақ бұл да тарихи дерек болып, жуырда қатталды.
Бүркітбай Аяған, тарих ғылымдарының докторы:
- 30-жылдары Зайсан шекара отряды, Нарынқол, Қорғас шекара отряды аштықтан шетелге ауып бара жатқан қазақтарды қуып жетті. Ол туралы «қырып жібердік» деген әскери донисениесі бар және оларға қарсы қызыл әскерді пайдаланып отырған.
Ал аман қалғандары бас сауғалап жыраққа кетті. Кейін атамекенге оралғандары бар, келмей жат жұртта тұрақтап қалғандары қанша? Олардың да тағдыры толық ашылмады.
Еркін Әбіл, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:
- Сол кезде біздің азаматтарымыз Қазақстан терреториясынан көшіп кеткен. Олар жөнінде, олардың тағдыры жөніндегі құжаттар әрине сол елдерде жатыр. Сондықтан комиссияның жұмысы аяқталса да жалпы зерттеу жұмыстары аяқталмайды.
Зерттеу жұмыстары негізінде 31 том жинақ жарыққа шықты. Әрине ғылыми жұмыстар басылып шығарылады. Бірақ онымен барша оқырман таныса ма деген сауал бар. Бұл тұрғыда тарихшылар ғылыми жинақ негізінде көркем шығармалар да жазылса деген ой айтты.
Күлпаш Ілиясова, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент:
- Кезінде мен Түркияға, Стамбулға бардым. Сол кезде Стамбул университетінде тарих пен әдебиет деген болды. Яғни тарих пен әдебиетті бір-бірінен бөлмейді. Тарихты біз түсіндіріп, күрделі ғылыми теорияларды айтып жатқанда оны әдебиет тілімен жазып отырған. Өзіңіз білесіз Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділері» секілді. Әдебиет арқылы халыққа жеңіл түсіндіруге болады. Осы бағытта да бізде бірлескен жобалар болады деген ойым бар.
Тарихқа көз жүгіртсек, қазақты қынадай қырған 1931-1933 жылдардағы ашаршылық, қазақ қайраткерлерінің 37-38-жылдарда көрген тауқыметі көп құқайдан асып түсері хақ. Әлі де қазақ халқының басына туған осынау жойқын нәубет, азапты кезеңге шынайы саяси баға берілмей жүр. Әлі де бұрмаланған жаңсақ дерек көп. Қазақты қаймағынан айырған қанды қуғын-сүргін мен алапат ашаршылық жайлы енді-енді көп шындықтың беті ашылатын болады дейді ғалымдар.
Сәкен Сейітханұлы, Айдос Меделбеков, Самат Оспанов «7 күн»