Аралдағы көкарал бөгетін сақтап қалу жобасы іске қосылған
Сыр өңірінде биыл 40-тан астам әлеуметтік нысан бой көтереді. Оның 27-сі денсаулық сақтау саласына тиесілі. Онкологиялық бөлімше мен перинаталдық орталық бой көтереді. Ал жайлы мектеп жобасы аясында 3 жыл ішінде 21 оқу ордасы салынып қолданысқа беріледі. Аралдықтарды алаңдатқан су мәселесі де жуырда шешімін таппақ.
Сырдария өзені мен Арал теңізіне қатысты жағдай әлі де өзекті. Тіпті Көкарал бөгетінің басына бұлт үйірілген. Сондықтан республикалық бюджеттен кепкен теңізді сумен толтыруға құны 4 миллиард 500 миллион теңге бөлініп, Көкарал бөгетін сақтап қалу жобасы іске қосылған.
Нұрлыбек Нәлібаев, Қызылорда облысының әкімі:
-Тұтас өңірдің тағдырына байланысты ахуалды біз Парламентте, Үкімет алдында үнемі көтеріп келеміз. Мемлекетаралық келісімнің нәтижесінде, өткен жыл ішінде теңізге 816 млн текше метр су келсе, 2023 жылдың 5 айында 1 млрд 600 млн текше метр су түсті.
«Жоба келесі жылы аяқталып, теңізде су айналымы қалпына келмек. Ал тұзды құмның ұшуына азда болса кедергі келтіретін әдістің бірі сексеуіл егуде», — дейді сарапшылар. 2025 жылға дейін Арал теңізінде 1 миллион 100 мың гектар жерге сексеуіл егу жоспарланыпты.
Нұрлыбек Нәлібаев, Қызылорда облысының әкімі:
-Соңғы екі жылда, 2021-2022 жылдары біз 350 мың гектар сексеуіл отырғыздық. Биыл 250 мың гектар алқапқа сексеуіл егу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Егер бұл жұмыстар аяқталса, Аралдың орман қоры ұлғаяды. Бұл тұзды құмның ұшып кетуіне жол бермейді және кішкене болсын экологияны жақсартуға септігін тигізеді.
Одан бөлек, су жүйелерін тазартып, жаңа ұңғымалар қазылып, 133 жаңа насос қондырғылары алынған. «Басты мақсат — егіншілер мен жергілікті тұрғындарды сумен толық қамту», — дейді Қызылорда облысының әкімі.
Авторы: Диана Қадыр