ШҚО-да «Шаңырақ» мектеп-гимназиясының оқушылары ескі мектепте оқуға мәжбүр
Шығыстың Риддер қаласындағы «Шаңырақ» мектеп гимназиясы 20 жылдан бері биліктен жаңа ғимарат сұрап келеді. Шаһардағы қазақ мектебінің балалары іргетасы осыдан 65 және 90 жыл бұрын қаланған екі ескі мекеме ортасында сабылып жүр.
Талшын Дүйсенова «Шаңырақтың» түлегі. Қазір мұнда екі баласы білім алып жатыр. Жас ана оқушылар мен мұғалімдердің екі корпус ортасында сабылып жүргеніне жаны ашиды. Ол екі нысанның арасын біз де жүріп өттік. Жақын емес. Қос бірдей жол қиылысынан өтуге тура келді.
Талшын Дүйсенова, ата-ана:
-Жолдан ары-бері өткенге өте қауіпті, өйткені машина қағып кеткен жағдайлар да болды, мұғалімдердің өздеріне де ыңғайсыз, бастауышқа орыс тілінен, ағылшыннан беретін мұғалімдер екі ортада ары-бері жүру керек.
Құралай Садықова Риддердегі мектеп атаулының тозып тұрғанынан хабардар. Дегенмен мемлекеттік тілдегі жалғыз білім мекемесіне 20 жыл бойы неге жаңа ғимарат берілмей келе жатқанын түсінер емес.
Құралай Садықова, халықаралық «қазақ тілі» ҚБ филиалының хатшысы:
-«Шаңырақ» мектебіне жер бөлгізіп алады, сосын мектепті саламыз деп Үкіметтен қаражат бөлгізді. Ал енді 2019-2020 жылы ма қаражатты түсіріп, енді мектепті эксплуатацияға береді деген кезде оны алады да, қаулымен аралас мектеп етіп ауыстырып жібереді.
Аяқ асты аралас мектепке айналған білім ошағы 600 орындық. Алайда қазір онда бала толмай жатыр. Бұған арнайы комиссия құрамында болғандар да көз жеткізіпті.
Зейнеп Мақсұтова, білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы:
-Ол мектеп 600 орындық екені рас, бірақ 300-ден аса оқушы оқып жатыр. Яғни бос орын көп. Ал талап бойынша әр мектеп салынар кезде контингент ескерілу керек.
Ақыры толмай тұрған аралас мектепті қазақ мектебіне ауыстыруға не кедергі?
Инесса Чернышева, облыстық Білім басқармасының басшысы:
-Бұл ұсынысты біз қарастырып жатырмыз және оң шешім қабылдануы әбден мүмкін. Тек барлық баланың құқығына тең қарау керекпіз. Сондықтан ата-аналармен, оқушылармен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.Осылайша екіжақты келісім жасалады деп ойлаймын.
Биыл «Шаңырақ» гимназиясына 60 миллион теңге бөлініп, күрделі жөндеу басталды. Бірақ ата-аналар жылда қыруар қаражат жұмсап, ескіні жамай бергенше Президент айтқан «Жайлы мектеп» берілсе деп отыр.
Авторлары: Эльмира Ахметова.Жігер Бабаханов