Хабар телеарнасы

Avtomektep.kz бірыңғай порталы іске қосылды

Елімізде енді оқымай, жүргізуші куәлігін алу мүмкін емес.

Ішкі істер министрлігі «Автомектеп.кз» бірыңғай порталын іске қосты. Ақпараттық жүйе «автомектептерде оқыды» деген жалған куәліктерді анықтауға арналған. Сайт қалай жұмыс істейді? Оның берері не?

Қазақстанда 500-ден астам автомектеп бар. Енді олардың барлығы жаңадан ашылған сайтқа тіркелуі тиіс. Ішкі істер министрлігіне қарасты Әкімшілік полиция комитетінің мәліметінше бүгінде аталған мектептердің 300-ден астамы жаңа жүйеге қосылып үлгерген. Ал порталдың басты мақсаты – заңсыздықтың алдын алу.

Арай Төлегенқызы, ҚР IIM Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:

- Қазіргі кезде әлеуметтік желілер арқылы көптеген мәліметтерді біліп жатыр ғой. Оның жасыратын ештеңесі жоқ. Жалған куәліктерді дайындау бойынша қаншама фактілерді естіп жатырмыз. Осындай фактілердің және алаяқтық жолмен алынған куәліктердің жолын кесу мақсатында қазір бізде автоматтандырылған автомектеп жүйесі жүзеге асырылды.

Порталға автомектептер өз мәліметтерін ғана емес, әрбір оқушы жайлы ақпаратты уақтылы енгізіп отыруы тиіс. Олай болмаған жағдайда оқуды бітірген адам емтиханға жіберілмейді. Себебі енді оқығаны туралы куәлікті автомектеп емес, сайт арқылы бәрін көріп, біліп отырған Ішкі істер министрлігі береді.

Әділет Жүнісов, көлік мектебінің мұғалімі:

- Толықтай бүкіл процесті оқып шыққаннан кейін, теория мен практиканы оқыған соң базада аяқтау деген болады. Соны басқан кезде оған куәлік шығады электрондық. Үлкен артықшылығын айтып өтейін, бұрын қағаз сертификат кезінде тек қана Астанада тапсыра аласың, егер Астанада оқысаң. Енді базасы бір болғандықтан, бүкіл Қазақстанда кез келген СпецЦОН-да емтиханды қабылдайды.

Ал сайтта жеке мәліметінің бар-жоғын әр оқушы өзі де тексере алады.

Дамир Берікұлы, тілші:

- Ол үшін порталда ЖСН арқылы тексеретін бағана бар. Сол жерге жеке сәйкестендіру нөміріңізді енгізіп, өзіңіз жайлы мәліметтің шығуын күтесіз. Сіз жайлы ақпарат табылмаса, оны дереу автомектепке хабарлау қажет.

Бұл саланың білікті маманы, жол жүру ережелері кітабының авторы Әділет Жүнісовтің сөзінше, қазір куәлікті сататын пысықайлар көп. Тіпті елдегі 500 автомектептің жартысына жуығы түрлі заңбұзушылықтарға жол береді, - дейді ол. Басқасын айтпағанда, қарапайым автотренажерлары жоқ. Одан қалды жедел курстар да жетерлік.

Әділет Жүнісов, көлік мектебінің мұғалімі:

- Қазір бәрі айтады да, неге 2 жарым ай боп кеткен, - дейді. Ол ең минималды уақыт. Себебі №862 бұйрықта бізде оқу тәсілі жазылған. Теория қанша сағат болу керек, «вождение» қанша сағат болу керек. Осының барлығын өткен соң ол кем дегенде 2 жарым айдан көп болу керек.

Дәл осылай кемінде 2 жарым ай оқыған адам ғана енді емтихан тапсырып, жүргізуші куәлігін ала алады. Ал заңсыз әрекетке барып, жалған куәлік жасағандардың ісі әшкереленсе, қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Дамир Берікұлы, Айдос Меделбеков