БҚО-да жаңа кардиология орталығы қашан салынады?
Жүрек-қантамырлары ауруына шалдыққан батысқазақстандық науқастардың бәріне бірдей ауруханада толыққанды ем алу бақыты бұйырмай тұр. Өйткені кардиологиялық орталықтың ғимараты тар, орын жетпейді, палатаға сыймаған сырқаттар дәлізде жатуға мәжбүр. Оның үстіне көктемде су тасыған сайын аурухана бүкіл құрал-жабдықтарын жинап, бәлен айға басқа жерге көшетіні тағы бар. Билік басындағылар жаңа ғимарат саламыз дегенімен, бұл уәденің әзірге орындалар түрі жоқ.
Жүрек шаншып, қан қысымы көтерілгендер кардиологиялық орталық қызметіне жүгінеді. Бұл мекеме «Мелиаратор» деп аталған профилакторийдің орнынан осыдан 22 жыл бұрын ашылыпты. Негізгі екі корпусы 70 жылдары салынған. Орын саны 168 болғанымен, мұнда 180-200-ге дейін сырқаттар жатады.
Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:
- Жедел жәрдем бригадалары жаны қиналған науқастарды қаланың әр түкпірінен тәулік бойы осында әкеледі. Олардың басым бөлігіне стационарлық көмек, жіті бақылау қажет. Дегенмен дәрігерлер сырқаттардың бәріне бірдей госпитализация жасай алмайды. Өйткені орын жоқ. Палатаға сыймағандар дәлізде ем қабылдап жатыр.
Беркеғали Дәулетов, қала тұрғыны:
- Адамдар көп, дәлізде жатқан адамдар көп. Келген адамдар бәрін қабылдап жатыр. Бірақ мында орын тапшы. Ескі, жөндеу керек. Қазір барлығын есік-терезеден жел келетін болған соң жауып тастаған. Сондықтан ауа жоқ.
Жыл санап сырқаттарға көрсетілер көмек түрлері көбейіп келеді. Мәселен, соңғы жылдары аз қан шығаратын тәсілмен операция жасау жолға қойылған, аритмияны емдеудің жаңа түрлері қолға алынған. Дегенмен өңірде халық санының өсімі мен аурудың жасарғанын ескерсек, келешекте жаңа орталық керек, - дейді кардиологиялық орталық басшылары.
Эльмира Сүйеуғазиева, облыстық кардиологиялық орталық директорының орынбасары:
- Биылғы тасқында жертөле суға кетіп, тағы да қалалық ауруханаға көштік. Содан кейін көп әсері бар. Ауруларды көшіру керек, жабдықтарды көшіру керек. Ол өте қиын жағдай. Сыймаған жағдайда қосымша кереуеттер қоямыз. Дәлізде күтеді. Адамдар ашу туғызады. Мен неге жүрек ауырып түскенде коридорда жатуым керек деп. Түсіндіріп бәрін айтып отырамыз, бір күн, бір сағат жатасыз, қазір біреулерді шығарамыз, сосын палатаға кіресіз, - деп. Сондай мәселелер бар.
Кардиологиялық орталыққа жаңа ғимарат салу мәселесі күн тәртібіне қойылғанына 5-6 жылдың жүзі болды. Бірақ әзірге нәтиже жоқ. Тек биыл ғана сең қозғалғандай.
Мадияр Өтешев, БҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Қазіргі орталық кардиоауруханасы қала шетінде, тұрған жері жақсы болғанымен, өзінің тұрған нысаны типтік емес, стационар емес. Соған байланысты жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, қазір ЖСҚ ақша бөлініп, құрылыс басқармасымен жоба жасалып жатыр. Енді ол алдағы 4-5 жылға жоспарланған үлкен нысан ғой.
Облыста 96 мың адам жүрек-қантамырлары ауруларымен диспансерлік есепте тұрса, соның 4,5 мыңы жыл сайын кардиоорталықтан ем алады. Өткен жылы 200-ден аса сырқатқа ашық жүрекке операция жасалған. Ал жаңа орталықтың салынуы тұрғындарға көрсетілер медициналық қызмет сапасын арттыруға сеп болары сөзсіз.
Е.Жылқайдарұлы, Қ. Ақырап, Э. Аюпов