Хабар телеарнасы

Абай облысындағы өрт: тұрғындар жатақханаларға орналастырылды

Тілсіз жау жалмаған аумақта орналасқан үш ауылдың 50-ден астам тұрғыны Семейге эвакуацияланып, жатақханаларға орналастырылды. Олардың дені — балалар мен әйелдер, қариялар. Ер адамдар үй мен малды қарау үшін ауылда қалған. Бірнеше күннен бері өрт өршіп тұрған Бородулиха ауданында 2, Семейде 9 эвакуациялық орын дайындалған. Айта кетейік, кеше Бородулиха ауданы мен облыс орталығының іргесіндегі 5 елді мекеннің халқы, қауіпсіз жерге көшірілген болатын.

Юлия Шевченко мен оның алты баласы Семейдегі колледждің жатақханасына түнгі сағат бірде келіпті. «Мал-жайына алаңдап отырғандықтан тезірек үйге оралсақ екен», — дейді ол.

Юлия Шевченко, Талица ауылының тұрғыны:
-Осында отырмыз. Тамақтандырып, барын салып күтіп жатыр. Дегенмен де «Ауыл-аймағымыз не боп жатыр екен» деген алаңдаулы күйдеміз. Үйге қайтқымыз келеді.

Бақытгүл Бұлыбаева, ауыл тұрғыны:
-Мында кеше сағат 10-ға таман келдік. Сағат 8-де эвакуация дедік. Күндізден бастап өрт сөндірушілер кезекшілік жасады. 

Бірнеше күннен бері өрт өршіп тұрған Бородулиха ауданында 350 кісілік 2, Семейде 800 адам сиятын 9 эвакуациялық орын дайындалды. Халықты жедел көшіруге 10 автобус жіберілді.

Біржан Бұлабаев, Төтенше жағдайды жою жөніндегі штабтың өкілі:
-Біздің қаламызда колледждердің, университеттердің, мектептің жатақханаларында сол адамдарды эвакауция жасау үшін арнайы орындар жасақталып, дайын болған болатын. Кешегі түні бізде педагогикалық колледж бен Қалматаев колледжінің жатақханаларына 50-ден астам орналастырылды. Оларды түнде тосып алып, адамдарға тамақ беріліп, барлық жағдай жасалды. 

Өз үйінен үдере көшкендерді ғана емес, қанша күннен бері оттың ортасында жүргендерге өз еркімен азық-түлік, суын апарып жатқан азаматтар аз емес. Еріктілер тұрғындардың әкелген дүниелерін құтқарушыларға тезірек жеткізуге асығады.

Ержан Исаханов, волонтёр:
-Негізінен сүт, айран, су, көздің дәрісі секілді дүниелерді әкеп жатыр. Осы игі іске үлес қосқан азаматтарға алғысымыз шексіз.

Өңірдегі барлық аудан тұрғындары тілсіз жаумен күрескен жандарға қолдан келгенше көмек қолын созып жатыр. Мәселен, Бесқарағай ауданы 10 тонналық жүк көлігін жөнелтіпті. Гуманитарлық көмек қабылдау орны «Аманат» партиясының Абай облыстық филиалының жанынан да ашылды.

Авторлары: Азамат Қасым, Берік Жобалайұлы