Шымкент қаласының бас жоспары дайындалып жатыр
Шымкент қаласының «республикалық» мәртебесін алғанына 5 жыл толып отыр. Қала әкімі: «Осы уақыт аралығында сан салада серпін болды»,-дейді. Мәселен, өнеркәсіп өнімінің көлемі 2 есеге ұлғайған. Қала бюджеті де 613 млрд теңгеге дейін өсіп отыр. Енді Шымкенттің аумағында да бірқатар өзгерістер болуы мүмкін. Қазіргі таңда Түркістан облысының 7 ауданын агломерация жасау жұмыстары жүріп жатыр. Демек демография да күрт өседі. Тиісінше қаланың бас жоспары дайындалып жатыр екен. Ендігі басымдық қай бағыттарға беріледі?
Мегаполис атанғалы Шымкенттің бірінші кезекте инвестициялық тартымдылығы артты. Бүгінге дейін жалпы жобаларға 2 трлн теңгеден астам қаржы құйылған. Енді мамандар 5 бағыттағы 867 гектар өндірістік аумақты дайындамақ. Онда инвестициялық құны 400 млрд теңге болған 284 жоба іске асырылады. Соның аясында 12 мың жұмыс орнын ашу көзделген. Тиісінше өндіріс, өнеркәсіп және кәсіпкерлікті қолдау алдағы 5 жылдық жоспарда бекітілген. Мұрат Әйтенов осылай дейді.
Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі:
- Кәспкерлікті дамыту жөніндегі 21-25 жылдарға арналған ұлттық жоба аясында 17,9 млрд бөлінді. Жыл басынан 3 мың жобаға 7,9 млрд теңге қолдау көрсетілді. Одан басқа жергілкті «Іскер қала» бағдарламасы іске асырылуда.
Білім беру бағытына тоқталсақ, биыл қалада 18 мектеп, 500 балаға арналған оқушылар сарайы жұмысын бастайды. Қала әкімінің айтуынша, соңғы 4 жылда 13 жаңа емхана ашылған. Олардың арасында қатерлі ісік ауруларының бастапқы сатынысын анықтап, емдейтін орталық та бар. Нысандардың материалдық-техникалық базасын жарақтандыруға 19 млрд теңге қаражат бөлінген. Ал қаладағы инфрақұрылым мәселесесін Мұрат Әйтенов 2025 жылға дейін толықтай шешеміз деп отыр.
Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі:
- Биыл электр жүйелерімен ауызсу мәселесін шешсек, 2025 жылға дейін газбен қамту мәселесін шешеміз. Жақсы және қанағатты жағдайдағы жолдардың үлесін 2018 жылғы 54% биыл 71% жеткіземіз.
Жыл басынан бері 30 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. Бұл биылғы жоспардың жартысы. Нәтижеде әлеуметтік көмек алушылардың саны 22% төмендеген. Алайда тұрғын үй тапшылығына байланысы ел арасында наразылықтар көп. Қала әкімінің айтуынша, енді жыл сайын 2 млн шаршы метр тұрғын үй салынады. Биылдың өзінде 4,5 мыңға жуық отбасыға мемлекеттік бағдарламамен баспана беріледі. Ал әлеуметтік санаттағы азаматтарға Қамқор бағдарламасы іске қосылған. Иә, «Алға қойылған ауқымды жоспар мен міндеттер көп» деген Мұрат Әйтенов ең бастысы – ілгері басқан істердің ілкімділігін сақтау маңызды екенін де жеткізді.
Авторы: Нұрлан Әбдікәрім