Абай облысындағы өрттен зардап шеккендерге баспана берілді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысына жасаған жұмыс сапарында өршіген өртті сөндіремін деп өмірін қиғандардың отбасына жан-жақты көмек көрсетуді тапсырған болатын.
Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев орман шаруашылығының 15 қызметкерінің туған-туыстарымен кездесіп, баспана кілтін табыс етті.
Роман Нұржанұлы, Саят Нұржігітовтің ағасы:
- Үкіметтің осындай Саяттың еңбегін елеп-ескеріп, беріп жатқан осы, міне, артында қалған отбасына ризашылығымызды білдіреміз. Бұл Саяттың өзінің еңбегі. Өзінің жерін, елін, отбасын қорғаймын деп отқа өзінің кеудесін төсегеннен кейін бұл құрметке біз ризамыз. Өйткені артында қалған бала-шағасына жақсы өмір, жақсы осындай заман болсын.
Алапат өрт кезінде Бородулиха ауданының Барышовка ауылындағы 2 тұрғын үй жанып кетті. Баспанасыз қалғандарға пәтер кілті берілді.
Нұрлан Ұранхаев, облыс әкімі:
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өрт салдарынан зардап шеккен, қайтыс болғандардың отбасыларына жан-жақты көмек көрсетуді тапсырған болатын. Бүгін біз Қарағайлы тұрғын үй ауданынан пәтер кілттерін табыстап отырмыз. Пәтерлер өздеріңіз көріп отырғандай жаңа, жарық, қажетті жиһазбен, тұрмыстық техника қойылған.
Өрт өршігенде қаланың іргесіндегі үш ауылдың 200-ге жуық тұрғыны Семейге эвакуцияланған еді. Олар шаһардағы екі жатақханаға орналастырылған болатын.
Азамат Қасым, тілші:
- Бес күн бойы Семейдегі электротехникалық колледждің жатақханасында тұрған Талица мен Половинка ауылының тұрғындары қайтуға жиналып жатыр. Қазір олар автобустарға отырып, үйлеріне барады.
Әділбек Үдебеков, Талица ауылының тұрғыны:
- Болды енді. Бәрі жақсы. Құдай бұйырса жаңа өмір бастаймыз.
Өңірге жан жақтан жәрдем қолын созған жандардың легі толастар емес. Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары мен Астана қаласынан гуманитарлық көмек келді.
Ал жаңадан тағайындалған Төтенше жағдай министрі Сырым Шәріпханов жеті күн өртпен арпалыста сыр бермеген әріптестеріне алғысын білдірді.
Жедел штаб өкілдерінің хабарлауынша, 60 мың гектарға жайылған қызыл жалынның негізгі ошақтары сөндірілген. Қазір өрт сөндірушілер су себу, құм төгу жұмысын жүргізуде. Оқиға орнында 1800-ге жуық маман мен 350-ден астам техника жұмыс істеп жатыр.
Авторлары: Азамат Қасым, Берік Жобалайұлы