Арқалық ЖЭО тек қағаз жүзінде пайдалануға берілген
«Шырылдауық шегіртке ала жаздай ән салған» деген Крыловтың мысалы бар емес пе?! Шегірткенің басына туған жағдайға ұшырамас үшін қам-қарекет керек. Бірақ Арқалықтың атқамінерлері Екібастұздағы апаттан сабақ алмағанға ұқсайды. Себебі шаһардағы жылу электр орталығы қағаз жүзінде ғана пайдалануға берілген. Бұл туралы мәжілістің жалпы отырысында Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Наталья Годунова мәлімдеді. Қыста болған төтенше жағдайлардан кейін еліміздегі барлық жылу беру нысандарына аудит жүргізілген. Сол тексеріс өңірдегі заңбұзушылықты анықтап беріп отыр. Жергілікті тұрғынүй коммуналдық шаруашылығы бөлімі толық дайын болмаса да, екі жобаны қабылдап жіберген. Тапсырыс құны 7,4 млрд теңге.
Еліміздегі өзге де жылу ортықтарының былығы бір төбе. Аудиторлар 23 млрд теңгенің заңбұзушылығын анықтапты. Тексеру 47 мемлекеттік мекеме мен 44 жекеменшік нысанда жүргізілген.
Наталья Годунова, Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы:
- Жылу орталықтары техникалық жай-күйіне байланысты қызыл, сары түстерге жіктелді. Барлық аймақ қатаң бақылауға алынып, тозған қондырғыларды ауыстыру, жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жазда барлық кемшілік жойылса, қыс мезгілі қалыпты режимде өтуі тиіс.
Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:
- Семейдегі №1, Павлодардағы №2 ЖЭО, Шымкенттегі, Жезқазған, Петропавлдағы, Риддер, Теккелі мен Шахтинскдегі ЖЭО-лар бойынша қысқа дайын емес деген қауіп бар. Осы нысандарды министрлік бақылауда ұстап отыр. Кесте бекіттік, сол бойынша тексеріп отырамыз.
Мәжілісте сондай-ақ жайылымдарды пайдалануға қатысты заң жобасы бірінші оқылымда қаралып, мақұлданды. Құжатқа сәйкес енді жалпыға ортақ жайылымдарды жекенің қолына беруге немесе оны егіншілік мақсатта пайдалануға тыйым салынады. Жердің тозуын тоқтату да осы заңда қамтылған. Атап айтқанда шалғайдағы жайылымдарды суару және оларды жақсарту шығындарын субсидиялау қарастырылған. Жеке адам мен кәсіпкерлерге конкурстар өткізбей, жайылым беру нормасы толықтай алынып тасталады.
Нұржан Әшімбетов, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:
- Ең пайдалы әрі сапалы жерлер көбінесе үлкен шаруашылықтар кезінде алған. Бірақ малдардың саны жетпейді. Заңмен белгіленген нормаға сәйкес 20% малы бар болса, оған тиісуге болмайды. Біз ол норманы 50% көтеріп отырмыз. Тағы да сараптама жасадық, 20 млн га жерді тағы да қайтаруға болады екен.