Швед жүк көліктері елімізде құрастырыла бастады
Қазақстанда отандық жүк көліктері жоқ емес, бар, бұл жолы Швецияның «SCANIA» бренді шығарылатын болды. Жоба Қарағандыда қазақстандық «QazTehna» зауыты аумағында жүзеге асырылады.
«Қазтехно» зауытында аталған жүк көлігінің қаңқасы кездейсоқ пайда болған жоқ. Мұнда әлемге танымал «Ютонг» фирмасының автобустары құрастырылады. Жыл басынан бері қоғамдық көліктің 400 данасы шығарылған. Жоғары білікті инженер мамандар енді швед көлігін құрастыруға кіріспек.
Роман Кривопаленко, «Qaztehna» зауытының техникалық дамыту директоры:
- Кәсіпорнымыздың құрылғанына көп уақыт болған жоқ. Бірақ 3 жылдың ішінде көп тәжірибе жинақтап, біліктілігіміз артты. Енді коммерциялық бағытта техника шығаратын «SCANIA» компаниясымен әріптестік орнаттық.
Автобус, электробус, жүк көліктерінің түр-түрін шығаратын швед компаниясымен серіктестік орнату Қазақстан тарабы үшін тиімді. Әуелі көліктің сапасы көңіл толарлықтай, екіншіден жергілікті халық жаңа жұмыс орнымен қамтылады. «SCANIA» - Швецияны әлемге әйгілі еткен бірден-бір бренд. Мұнда инновация мен даму үйлесім тапқандай. Жалпы қазақ-швед тарабы өзара бірлескен өндірісті іске асыру идеясы бір жарым жыл бұрын туған. Міне, сол жоспар бүгін пісіп жетіліп, өндіріс іске қосылды.
Ева Пулано, Швецияның Қазақстандағы елшісі:
- Бүгін Швеция мен Қазақстан арасындағы ықпалдастықты дамытуда маңызды қадам жасалды. Зауыттың жетістіктері таң қалдырады. Сканианың Қазақстанды таңдауы дұрыс шешім болды. Қазақстан тек шикізатқа бай емес, өндіріске мол инвестиция тартуымен өзгелерге үлгі. Әрине, бұл ретте мемлекет басшысының қосқан үлесі сүбелі. Сіздің ел швециялық инвесторлардан бөлек бүкіл Еуропаның назарына ие.
Сенім һәм жоғары сапа. «SCANIA» брендін әлем тұтынушылары осылайша екі ауыз сөзбен сипаттайды. Бұл жүк көліктерін шығару үшін білікті мамандар қажет. Осы ретте отандық зауыт жаңадан ашылып жатқан қолданбалы инженерия институтымен келісім бекіген.
Арғұлан Майконов, «Qaztehna» зауытының бас директоры:
- Біздің техника Қарағанды облысының аумағында ғана емес, Қазақстанның барлық өңірінде қолданыста. Оның ішінде автобус парктері халықаралық бағыттарға да шыға бастады. Бізде өзіміздің оқу орталығымыз бар. Яғни қажетті мамандарды оқытып, біліктілігін арттырып аламыз. Бүгінде бірқатар бөлшек отандық. Алдағы екі жылда жергілікті үлесті 50%-ке жеткіземіз.
Айгүл Ахметова, Ә. Бөкейханов атындағы қолданбалы инженерия институтының жетекшісі:
- Мемлекет басшысы ғылым мен бизнес бірінен бірі алшақ болмауы тиіс, бірге дамытылуы тиіс деп үнемі айтады. Міне, бұл инситутта қолданбалы инженерияға көңіл бөлінеді. Сарандағы индустриалдық аймақ үшін бұл таптырмас мүмкіндік болмақ. Институттың аумағы 2000 шаршы метр болады, зертханалар ұйымдастырылмақ. Қарағандыдағы техникалық университет пен 2 колледж қызметкерлерімен бірлесіп қызмет етеміз. Мұнда зауыттың қажеттіліктері бойынша, яғни сұранысқа сай кадрлар даярлығы жүреді.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, жыл басынан бері Қазақстанда 1 мың 600 жүк көлігі шығарылған, бұл өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 3,5 процентке аз. Жаңа бренд құрылысы көрсеткіш көлемін ұлғайтады деген сенімде отандық сала мамандары. «Әлем елдерінде сұраныс жоғары шведтің жүк көлігі ел ішінде де көптің көңілінен шығары анық», - дейді жергілікті инженерлер. Әзірге бұл брендтің Қазақстанда шығарылған 5 жүк көлігі жолға шықты.
Индира Жылқайдарова, Юлана Чаус, Қарағанды облысы. «7 күн»