БАҚ қызметкерлерінің күні: экранның арғы жағында әріптестеріміздің есіл еңбегі
Бүгін – бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні. Яғни, біздің мейрам. Елдің мұң-мұқтажы мен қоғамның қилы мәселесін биліктегілерге жеткізіп, олардың оң шешілуіне ықпал етіп жүрген журналистер жылына бір рет осылай мәз-мейрам боп қалады. Шығармашылық адамдары үшін халықтың ыстық ықыласына бөленіп, көрерменнің көзайымына айналу – бақыт. Бірақ көп жағдайда ол оңайлықпен келмейді. Бүгін көгілдір экранның арғы және бергі жағындағы әріптестеріміздің ерен ерлігі мен есіл еңбегін айтсақ дейміз.
Журналистердің жұмысы әскери сала мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінікінен кем емес. Дәл сондай қауіпті, жауапкершілігі мен тәуекелі көп. Тілшілер де оқ пен оттың ортасында жүреді десек, артық айтқандық емес. Елде қандай да бір оқиға бола қалса, алдыңғы шепте жүретін де солар. Мәселен, соңғы оқиға Семей орманындағы өрт кезінде шығыстағы әріптестеріміз ерен ерлік көрсетті. Мәселен, тілшіміз Эльмира Ахметованың өзі бір апта ішінде 76 рет тікелей эфирге шығып, жүздеген жедел материал әзірледі. Әрі мұның бәрі дала жағдайында, көк түтін мен қызыл жалынның арасында жүріп жасалған еңбек. Ал оқиғаның бел ортасында жүріп, ондағы қиындықты көзбен көру оңай емес. Сондағы қайғылы жағдайлар да ел қатарлы журналистердің де қабырғасын қайыстырды.
Әріптестеріміз дәл осылай Қазақстандағы қай оқиғаның болсын қақ ортасында жүреді. Телевизия саласында еңбегі елге көріне бермейтін, бірақ, кадрдың сыртында-ақ қыруар жұмыс жасап жүрген мамандар көп. Олар операторлар, бейне-инженерлер, режиссёрлер, дыбыс режиссёрлері мен продюсерлер және басқа да техникалық қызметкерлер. Ал бұл кісілердің қатысуынсыз бір де бір эфир өтпейді.
Самал Кәдірімбекқызы, «Хабар» телеарнасы жаңалықтар бөлімінің режиссёры:
-Мәселен, режиссердің жұмысы: журналистің дайындайтын материалдарын эфирге дейін қарап, әр нүктесіне дейін, светін, ракурсын, фонын барлығын қарап тексеріп, дайындайды. Одан кейін эфирге келгеннен кейін мына әріптестерім режиссердің командасына бағынады. Режиссер қателеспеуі керек. Дәл сол сияқты мұнда отырған кісілердің барлығының маңызды рөлі бар.
Осындай мылтықсыз майданда жүрген ақпарат саласының жауынгерлеріне соңғы жылдары мемлекет тарапынан да көңіл бөліне бастағаны қуантады. Мәселен, кеше ғана тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет журналистиканың сахна сыртындағы қарапайым қызметкерлері баспаналы болып, зор құрметке бөленіп жатыр.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Айбын Құсанбеков