ҰҚК құпия қызметін көрсетті
Қазақстанның қауіпсіздігіне жауапты ең негізгі берік қамалдардың бірі – Ұлттық қауіпсіздік комитеті. Қызмет – тәуекелді. Көп ақпарат құпия. Бірақ журналистер көзге түсе бермейтін осы қызметтегі офицерлердің дайындық алаңына барып, жұмысымен танысуға мүмкіндік алған болатын. Әріптесім Нұрлан Әбдікәрім полигонға барып, «А» арнаулы мақсаттағы қызметінің оқу-жаттығуын көзбен көріп, қаруды қолмен ұстап, заманауи техникаларымен танысып қайтқан болатын.
Жазатайым оқиға орын алып, операция бастала қалса арнаулы мақсаттағы қызметінің офицерлері сақадай сай тұруы тиіс. Сондықтан олар осы алаңда күнделікті дайындық жұмыстарын жүргізеді. Қазір біз де байқап көрейік. Ең бастысы қауіпсіздік ережелерін сақтау қажет.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «А» арнаулы мақсаттағы қызметі – елдегі элиталы бөлімше. Сондықтан мұндағы офицерлердің түр-әлпеті жасырын. Операциялары да құпия. Негізгі бағыт – терроризм актілерінің жолын кесу.
«А» арнаулы мақсаттағы қызметінің офицері:
-Мен бұрын «Бұл қызметке неге тек офицерлерді қабылдайды?» деп ойлайтын едім. Кейін яғни 20 жыл осында қызмет істеп, тәжірибем толыққан соң оның жауабын таптым. Себебі біздің қатарымызда тек кәсіби мамандар болуы керек. Мұндағы әр қызметкер бағалы. Біздің қатарымызда қыздар да бар. Олар өзіне жүктелген міндетті абыроймен, жоғары деңгейде атқарып жүр.
Маман осы орайда екі маңызды мәселені басты назарға алады. Қолда қару бар. Оны ақылмен қолданбасаң жазықсыз адамды жарақаттау мүмкін дейді. Ал қаруды жауыңа қарсы қолданбау да – қылмыс. Сондықтан қызметте осы екі нәзік мәселені саналы сараптай алу қажет екенін айтады. Яғни психологиялық дайындық жоғары болуы қажет.
Мамандар бір жылдың 8 айында оқу-жаттығу өткізіп, өздерінің шеберлігін шыңдайды. Әрине тек қарумен ғана емес, әртүрлі техникалармен де жаттығады.
Бұл Иглзадиак көлігі. Брондалған көлік. Пистолет пулемет және жарылғыш заттардан қорғайды. 360 градустық камерамен жасақталған. Ішіне шамамен 9 адам сияды. Мұнда 400 аттың күші бар. Жылдамдығы 160 км/сағат. Ал мына орын жоғарыдан шабуыл жасауға арналған жауынгердің орны.
Бұл қызметке кіру де оңай емес. Қатаң талаптар бар. Ал одан 10 адамның біреуі ғана өтуі мүмкін.
«А» арнаулы мақсаттағы қызметінің офицері:
-Біріншіден, кандидат Қазақстан Республикасының азаматы болуы керек. Екіншіден, ол әскери азамат немесе әскери оқу орнын бітірген болуы тиіс. Талапқа сай, бұл қызметке 23-29 жас аралығындағы үміткерлер іріктеледі. Физикалық дайындығы жоғары болу керек.
Айта кетейік «А» арнаулы мақсаттағы қызметінің офицерлері елдегі осы уақытқа дейінгі бірнеше террорлық әрекеттердің алдын алған. Олардың арасындағы ауқымдысы 1992 жылғы «Набат» операциясы. Қызылордадан Сарыағашқа жол алған автобусты қылмыскерлер басып алған еді. Бұл Қазақстандағы ең алғашқы террорлық әрекет. Қиынға соқса да тәжірибелі мамандардың арқасында операция сәтті аяқталды. Бірақ жарақат алған мамандар болған. Офицерлердің айтуынша бұл жұмыстың ең қиын кезеңі – қасыңдағы қаруласыңнан айрылып қалу. Бірақ міндетіміз ел қорғау болған соң бәріне дайынбыз дейді. Ал бұл сөз қауіпсіздіктің берік екеніне кепіл бола алады.
Авторлары: Нұрлан Әбдікәрім, Тоқтар Терлікбаев