Астанада қала күнін тойлау басталып кетті
Елорданың 25 жылдығын алғашқылардың бірі болып өнерлі балалар атап өтті. Нақтырақ айтсақ, Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ашық аспан астында «Аялаған Астана» байқауының гала-концерті ұйымдастырылды. Оған тек биылғы конкурстың қатысушылары ғана емес, аталған конкурстан түлеп ұшып, әлемдік деңгейде жетістікке жеткен өткен жылдардағы финалистер де қатысты.
«Аялаған Астана» — дарынды балаларды сахна өнерінің барлық қыр-сырына баулитын Қазақстан жас жұлдыздарының тәлім мектебі. Байқау осыдан 10 жыл бұрын бастау алды. Содан бері 9 кезең өтіп, жобаның арқасында Мұхамедали Жүгінісов, Данелия Төлешова, Жанель Сәдуақас сынды жас өнерпаздар көпшілікке танылды.
Саян Мырза, қоюшы режиссёр:
-Ал гала-концертке танымал әншілер Ержан Максим мен Садрадин қатысып, өнер көрсетеді. Жалпы бүгін 300-ге жуық баланың басын қосып отырмыз.
Аға-әпкелерінің ізін жалғап келе жатқан талантты ұл-қыздар да аз емес. Олар бұл күнді асыға күтті.
Толғанай Есілбай, қатысушы:
-Гала-концертке біздің дайындығымыз мықты болды. Себебі біз әр күн таңертең келіп, бір-бірімізбен дайындалып, тәжірибе алмастық деуге де болады. Біз осы гала-концертте Кенен Әзірбаевтың «Жаса Қазақстан» әнін айтамыз.
«Аялаған Астана» байқауы енді жаңа форматта жалғасын табады. Ал биылғы жылы үздік атанған қатысушы «Детская Новая Волна» атты халықаралық байқауда Қазақстанның намысын қорғайтын болады.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Самат Оспанов