Астанада ашық аспан астында Гүл-Астана фестивалі өтті
Елорда күніне орай ашық аспан астындағы Гүл-Астана фестивалі өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен қатысушылар келіп, тәжірибе алмасты. Елордалық тұрғындар мен қонақтар фестиваль аясындағы байқауларға қатысып, бағалы сыйлықтарға ие болды.
Елордадағы ЭКСПО алаңы гүлдер қалашығына айналып кеткендей. Өйткені айналаның барлығы жайқалған гүлдер. Мұндағы азаматтардың да көңіл күйі көтеріңкі. Бірі ән айтып, би билеп, енді бірі түрлі байқауларға қатысып жатыр. Мұнда әлемдегі ерекше гүлдердің де көрмесі ұйымдастырылған. Айта кетейік, бұл фестиваль елімізде алғаш рет өтіп отыр. Мақсат – экологияны ластамауға, тазалыққа, табиғатты аялауға шақыру.
Экологияға көңіл бөлу – тұрмыстық қалдықтарды кез келген жерде қалдырмаудан басталады. Оларды тастау үшін қазір арнайы орындар бар. Ал ондағы қалдықтар қайта өңделеді. Осы процессті көрсету үшін Данияр Бакимов өз жобасын фестивальге ұсынған. Айтуынша велосипед тебу арқылы пластик қақпақтардан түрлі әшекей жасауға болады.
Данияр Бакимов, жоба жетекшісі:
-Біз адамдарға заттарды қайта өңдеуге болатынын көрсеткіміз келді және ол ерекше әрекетпен жасалады. Мәселен мында қақпақты саласыз. Кейін велосипед тебесіз. Ол қақпақты ұсақ бөлшектерге бөледі. Кейін оны ерітіп түрлі формаларға салуға болады. Осылай оларға екінші өмір беріледі.
Айналаны көгалдандыру да шараның басты бағыттарының бірі. Осының аясында флористер киіз үйлерді және фотоаймақтарды безендіріп, сайысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша тұрғындардың фотоаймақта түскен қай суреті желіде көп қолдау табады, сол сурет иесіне Біріккен Араб Әмірлігіне жолдама беріледі. Бұл – Гүлдер мерекесіндегі ең бағалы сыйлық.
Әлия Ерғали, ұйымдастырушы:
-Біздің басты мақсатымыз елдің барі осы фестивальге бейімделіп, жыл сайын әдемі гүл жасылдандыру, экология проблемаларын көтеріп фестиваль өткізу.
Сондай-ақ Гүл-Астана тақырыбындағы суретшілер байқауының да қорытындысы жарияланды. Бас аяғы 62 суретшінің 80-нен астам жұмыстары онлайн іріктеуден өткен. Бүгінгі ақтық сында 15 сурет арнайы номинациялармен марапатталды.
Авторлары: Нұрлан Әбдікәрім, Аян Сәрсенбаев