Тұран жолбарысына тұрақ бола аламыз ба?
Ертеде Тұранда, қазіргі Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Қазақстан секілді бес мемлекет сыйып жатқан алып территорияда жыртқыштың түр-түрі болған. Соның бірі – Тұран жолбарысы.
Қазақстанда «жолбарысты жерсіндіру» идеясы сонау 2010 жылдардан бері айтылып келгенмен, тек кейінгі 5 жылда ғана нақты іс жасала бастады. Іле-Балқаш резерваты құрылды. Қазір қорықтың экожүйесі түзіліп жатыр. Балқашқа жолбарыс Ресейдің Амур аймағынан әкелінбек. Жобаға сәйкес алғашқы жолбарыс жұбы екі жылдан кейін Балқаш резерватына жеткізіледі.
Тарихи құжаттарда Балқаштың соңғы жолбарысын 1947 жылы жергілікті аңшы атып алған деген дерек бар. Содан бері бұл аумақтан жолбарысты ешкім көрген жоқ. 80 жыл бұрын жоғалған Тұран жолбарысын түгендеуге білек сыбана кіріскенімізге де біршама жыл болды. «Жолбарыс жобасын» жүзеге асыру үшін Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры мен Қазақстан Үкіметі келісімге келді, жоба аясында алдағы 30 жылда 30 млн еуро жұмсалмақ. Жобаның қазіргі қарқыны қандай?
Ильяс Сеитов, WWF орталық азия бағдарламасының баспасөз хатшысы:
- Тұран жолбарысын жерсіндіру жобасы негізі үш кезеңнен тұрады. Бұл – түз тағысы мекендейтін аймақты әзірлеу, жолбарысты жіберу және оны бақылау. Қазір бірінші кезеңнің орта шеніне жетіп қалдық. Яғни, резерваттың экожүйесін қалпына келтіру, нысанды қорғау, инспекторларға байланыс орнату секілді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соған қарағанда, алғашқы Тұран жолбарыстарын 2025 жылы көріп қаламыз ба деген болжам бар. Мамандар алдағы 50-100 жылда Қазақстанды 120 жолбарыс мекендейді деген дерек айтады.
Жолбарыс популяциясы үшін ауқымды атырап керек. Мамандар бұл ретте, Іле өзенінің сағасы мен Балқаш көлінің оңтүстік жағасы қолайлы болады деген тоқтамға келіпті. 2018 жылдан бері «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты Тұран жолбарысын қарсы алуға дайындалып жатыр. Түз тағысын жерсіндіру үшін 500 мың гектарға жуық жер бөлінген. Бұл ерекше қорғалатын экологиялық аймақ. Бөгде адамдардың келуіне, мал жайып, аңшылық жасауға мүлдем тыйым салынған.
Қанат Қожабеков, «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының бас директоры:
- Сырттан келіп, аңшылық жасау деген бізде болмайды. Машинаның өзі біздің рұқсатымызсыз кіретін болса, біздің инспекторлар өздері іс-әрекеттерін жасап, протокол толтырып, бәрін түсіндіреді.
Жолбарыс жайлаған жерде жемтік мол болуы керек. Сол себепті резерватқа тұяқты жануарлар топ-тобымен жіберіледі. Тарғыл шерінің негізгі қорегі – қабан мен кермарал. Сарапшылар Іле өзенінің сағасында үш мыңнан астам жабайы шошқа барын анықтаған. Алайда ол жеткіліксіз. Алып денелі, алапат күшті жыртқыштың еттен тарықпауы үшін қабанның саны 30-50 мыңға жетуі тиіс.
Күн сайын ымырт үйірілгенде қорысқа азық іздеп қабандар келеді. Мұнда арнайы жемдеу алаңы бар. Жалпы резерват аумағында мекендейтін жабайы жануарларлдың саны да жыл сайын артып келеді.
Өткен жылы күзде нулы тоғайға «Алтын емел» табиғи паркінен құландар әкелінді. Олардың популяциясын арттыру көзделіп отыр. Балқаштың жағасы құланның байырғы мекен ету ортасы болған. Қазір тұяқты жануардың саны алпысқа жуықтады. Инспекторлар керіштегі іздеріне қарап, қай бағытқа кеткенін біліп отырады.
Жансерік Елубай, «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты директорының орынбасары:
- Мойнына тағылған қарғыбау арқылы, спутниктік құрылғы арқылы бақылап отырамыз. Сонымен қатар инспекторлар рейдттік іс-шараға шыққан кезде осы құландардың ізі арқылы бағытын анықтап отырады. Мысалы үш құлан Қорыс кардонының қасында жүргенін инспекторлар көрген. Сол үш құланның ізін көріп тұрмыз қазіргі таңда.
Қазір резарваттағы негізгі жұмыс – тоғай бұғыларының санын көбейту. Қараой ауылынан батысқа қарай 50 шақырым жерде арнайы қоршау салынған. Жер шалғай. Адам аяғынының жету қиын. Бұл қоршаудың ішінде бұғылар бар. Қоршаудың жалпы аумағы он гектар. Биыл мұнда 60 бас бұғы Қарашеңгел аңшылық шаруашылығынан әкелінді. Жануардың жем-шөбі осында әзірденіп, арнайы күтім жасалады.
Мекеме инпекторлары фототұзақ құрып, бұғылардың жүріс-тұрысын бақылайды. Қажетті жем-жөбін беріп, су жеткізеді. Оның өзі қыруар жұмыс. Қазір қоршауда 60-тан астам кермалар бар. Жалпы 5 жыл ішінде мұнда 200 ден астам тоғай бұғысы жерсіндірілді.
Болат Мүлкібеков, «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының бөлім басшысы:
- Әдемі аң. Өте сақ. Инспекторлар келіп жем-шөп салып жатқанда олар келмейді. Қалыңның ішінен қарап тұрады.
Былтыр жеткізілген тоғай бұғыларының күтімі жақсы болды. Енді бағдарлама жоспарына сай оларды еркіндікке жіберу керек.
Жансерік Елубай, «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты директорының орынбасары:
- Бұның өзі биологиялық негіздемеге сәйкес жасалып жатқан жұмыстар. Алдағы уақытта табиғи мекен ету ортасына жібереміз деген жоспарымыз бар. Сондықтан қақпаларды ашу арқылы бұғыларды еркіндікке жібереміз. Екі шетте екі есік бар. Сол екі қақпаны ашамыз бұғылар өз еркімен 5-10 күнде өз табиғи мекен ету ортасына шығады.
Сексеуіл мен тораңғыл, шеңгел мен қаншие өсетін өлкеде жабайы аң көп. Іленің сағасында, Балқаштың жағасында қарақұйрық, қоян, түлкі, борсықтар бар. Құстардан жыланжегіш қыран, қырғи, ителгі мен қырғауылды көруге болады. Резарват ғалымдары тораңғыл көшеттерін егіп, мұндағы өсімдік әлемін де бақылайды.
Жансерік Елубай, «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты директорының орынбасары:
- Вигитация алаңда биологиялық алуан түрлі өсімдіктер бар бұл жақта. Мына жер бақылдау алаңы. Өсімдіктердің көктемде гүлдеуі, тұқым шашу уақыты, қай уақытта вегетация болды деген сияқты сондай мониторинг жүргізіледі. Мысалы қаншиені алатын болсақ, қаншие былтыр қай уақытта алғаш гүлдеді, биыл қай уақытта гүлдеді дегенді салыстыруға болады, арнайы журнал арқылы.
«Тұран жолбарысын» жерсіндіру ауқымды бағдарлама. Бірақ, су болмаса барлық еңбек еш кетуі мүмкін. Қазір резерваттың басты мәселесі де судың тапшылығы болып тұр. Көл мен шөлейт шектескен жердің қамысы қалың. Нулы, сулы жер жабайы аңның өсуіне өте қолайлы. Алайда кейінгі жылдары Балқаштың суы тартылып бара жатыр дейді резерват ғалымдары.
Аян Асылбеков ихтиолог. Балқаш көлі мен Іле өзеніндегі балықтарды зерттеп жүрген ғалым. Жалпы Балқашта балықтың 36 түрі тіршілік етеді екен. Оның айтуынша су аздығынан балыққа әсер етіп, жалпы саны қалыпты нормадан 40% кеміген. Оған биологиялық факторлар да әсер етіді.
Аян Асылбек, «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының қызметкері:
- Осы өңірде бекіре деген балық бар. Шип дейді. Осетрлар дейді ғой бекіре тұқымдастар. Сол балықтардың санына әсер етіп жатыр. Одан кейін қызыл кітапқа енген ғой. Окунь дейді алабұға. Соның санына әсер етіп жатыр.
Балқашқа жолбарысты жерсіндіруге байланысты түрлі пікір бар. Ең бастысы адамдардың қауіпсіздік мәселесі. Келешекте жолбарыс келгенде бір жыл бойы теміртор қоршауда болады. Кейін барлығына спутниктік қарғыбау тағылып, жүрісі қатаң қадағаланады. Арнайы үйретілген мобильді топ тәулік бойы шерінің тіршілігін бақылайды. Ол күнге жеткенше де резерватта әлі талай шаруа атқарылу тиіс.
Алмас Садуақас, Аят Дүйсембаев «7 күн»