Шомылу маусымы басталғалы 87 адам суға кетті
Құтқарушылар дабыл қағуда. Шомылу маусымы басталғалы елімізде 87 адам суға кетіпті. Оның 23 бала. Қайғылы жағдайдың алдын алу үшін қазір рейдтік шаралар өткізілуде.
Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:
- Жаздың ыстығында балмұздақтың саудасы қызады. Өйткені сыртта жүрген көптің шөлін басатын ең қалаулы тағамның бірі осы. Ол ағзаны салқындатып қана қоймайды, қуаттандырады. Адам сол арқылы өзін жақсы сезінеді және бір сәтке дем алады.
Ал бұл кезде құтқарушыларда дамыл жоқ. Балбұздақты қанағат тұтпайтындар су айдындарын жағалайтыны бар ғой. Міне, солардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жағажайларды шолу елордалық құқарушылардың қазіргі басты міндетінің бірі. Міне, рұқсат етілмеген жерде суға түсушілерді бірден көзіміз шалды. Бірі өз әрекеттерінің орынсыз екенін мойындап, бой тасалауға тырысса, енді бірі шомылуын жалғастыра берді.
Түсіндіру жұмыстарын өткізу кезінде аңғарғанымыз – азаматтар өз әрекетін арнайы жағажайлардың аздығымен түсіндірді. Бірақ солай екен деп көрінген жерде шомыла беру тағы жарамайды. Мамандар: «Су қателікті кешірмейтінін есте ұстау керек»,-дейді.
Азамат Құсайынов, ТЖД басқарма бастығы:
- Осы Астана қаласында 4 адам қаза тапты. Төрт адамның барлығы Астанадағы тыйым салынған аймақтарда тіркеліп отыр. Есіл ауданында 2, Нұра ауданында 1, Алматы ауданында 1 адам.
Ал Ақмола облысында шомылу маусымы басталғалы бері 8 адам суға кеткен. Оның үшеуі бала. Мұнда да қайғылы оқиғалардың барлығы дерлік суға түсуге болмайтын аумақтарда тіркелген. 500 адам мас күйде суға түскені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Диас Әмірханов, ТЖД басқарма бастығының міндетін атқарушы:
- 105 су айдыны тексерілді. Соның 88-і суға түсуге жарамды болса, 17-і қауіпті деп танылды. Сондай-ақ 213 қоғамдық құтқарушы оқудан өтті. Судағы қайғылы жағдайдың алдын алу мақсатында 2 мың ерікті жұмылдырылған.
Шомылу маусымы басталғалы еліміз бойынша 87 адам суға кеткен. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3% аз. Қуанарлық тағы бір жайт – 126 құтқарылған.
Айта кетейік, елімізде шомылуға рұқсат етілген 612 жағажай бар. Ал тыйым салынған орындар саны – 3,5 мың.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Самат Сүлейменов