Хабар телеарнасы

Шомылу маусымы басталғалы 85 адам суға батып кетті

Жаз шыққалы елу күнде 85 адам суға кетті. Оның 35-сі бала. Аптап ыстықта жағажайды жағалайтын тұрғындар қауіпсіздік шараларын ескермейді.

Төтенше жағдайлар министрлігінің дерегінше, суға түсуге тыйым салынған аумақтарда шомылғандарға 20 млн теңге көлемінде айыппұл салынған. Биыл 708 демалыс орнында шомылуға рұқсат етілген. Ал қауіпсіздік ережесіне сай келмейтін 4 600 орында шомылуға тыйым салынған. Мамандар: «Суға кеткендердің көбі ішімдік ішкендер немесе қараусыз қалған балалар»,- дейді. Сондықтан, су жағасында жүргенде  қауіпсіздік қағидаттарын сақтауға шақырады.

Ұлан Нұрғалиев, бас құтқарушы:

- Бізге адамдардың қауіпсіздігі керек. Жылда айтылатын нәрсе. Жазғы уақытта қосымша жұмыстарға шақырамыз. Шомылуға болмайтын жерлерге белгілер қойылған. Сондай жерлерде көбісі шомылып жүреді. Сосын суға батады.

Шымкентте құтқарушылар мереке және демалыс күндері күшейтілген режимде жұмыс істейді. Күзетке полиция қызметкерлері, ұлттық ұлан сарбаздары мен еріктілер де жұмылдырылған.

Қалада су айдандарынан бөлек жекеменшік 22 бассейн жұмыс істеп тұр. Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері кәсіпкерлермен бірлесіп, тың бастаманы қолға алды. Мыңнан аса мектеп оқушысына тегін жолдама сыйлап, жүзуді үйретіп жатыр.

Нұржан Қаракөзов, қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің басқарма бастығы:

- Тыйым салынған орындарға қанша жүргізілген үгіт-насихаттарға, түсіндіру жұмыстарына қарамастан тұрғындар шомылады. Төтенше жағдай департаменті тарапынан 22 тұлғаға әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес айыппұл салынды.