Заңсыз шетелге шығарылған қаражат ел игілігіне жұмсалуы тиіс

Заңсыз шетелге шығарылған, ұрланған, жемқорлық жолмен алынған ақшаның бәрі қайтарылып, елдің игіліне жұмсалуы тиіс. Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова осылай дейді. «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң тікелей ел азаматтарының өтініш-тілегін орындау мақсатында қабылданып отыр. Активтерді қайтару жұмыстарын Бас прокуратура жүзеге асырады. Қаржы министрлігіне де қосымша міндеттер жүктелмек. 

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Бұған дейін кеткен қаражатты қарастыру, оны есептеу барлығы Ұлттық банктің құзыретінде болған. Қазір енді бұл мәселеге Қаржы министрлігін де қосып жатыр. Өйткені Заңның жалпы новелласында мынау кеткен қаражат қайтқаннан кейін оған әлеуметтік нысандар, әлеуметтік аз категориядағы азаматтардың сапасын жақсартуға байланысты мәселе қолға алынады. Соның бәрін жүзеге асыру құзыреті осы Қаржы министрлігіне де беріледі.

Ал Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң, бұрын билікте болған адамдарды да тексеруге мүмкіндік беретініне сенімді.

Айдарбек Қожаназаров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Біріншіден, мынау «Заңсыз иемделінген активтерді қайтару бойынша заң» өте өзекті заң және де қазіргі заманауи тұрғыда шынымен де біздің қоғамымыз талап ететін заң. Себебі қарасаңыз, соңғы бір жыл, бір жарым жылдың ішінде бірталай активтер қайтадан мемлекетке қайтарылды. Бірақ оны осы жұмысты ауқымды түрде жұмыс жасау үшін бұл жерге осы заң керек.