Жамбыл облысында жүк пойызы жолдан шығып кетті
Шу ауданындағы теміржол қозғалысы қалпына келе бастады. 13 бағыттағы тежелген пойыздар бірінен соң бірі Тараз станциясына барып, тоқтап жатыр. Естеріңізге сала кетейік, кеше түнде «Тараз-Шу» бағытындағы жүк пойызы рельстен шығып, 2 электровоз бен 1 тепловоз және 4 вагон аударылып қалды. Жарақат алған вагон күзетшісі ауруханаға жеткізілді, жағдайы қалыпты. Апат салдарынан темір жолдың 50 метрі бүлініп, бірнеше электр бағаны зақымданған. Шойын жолды 30-дан аса қызметкер жөндеді. Тараз, Шу, Луговой станцияларында жолаушылар түннен бері вокзалдарда жүр. Жолда қалғандарға қолдау көрсету мақсатында «жедел желі» іске қосылған. Оқиғаға байланысты Желілік полиция қылмыстық іс қозғады. Ал Қазақстан теміржолы жолда қалған жолаушыларға билет құнының 3% өтемақы ретінде төленетінін мәлімдеді. Мәселен бір адам 10 мыңға билет алып, 5 сағат күтсе, онда оған 1500 теңге қайтарылады.
Әнияш Қалабаева, жолаушы:
-Ақтөбеге жол жүріп бара жатырмыз. Үш сағатқа қарап кетті, жоқ қой әлі. Адам көп ішінде. Отыратын жер жоқ қой мінекей. Ішке отырсаң талып қалатын шығарсың.
Дидар Мүсретәлиев, «Тараз» вокзалының басшысы:
-Электр желілері үзіліп, соған тепловозбен алып келіп, Луговойдан локомотивтерді ауыстырып жатырмыз. Шамамен 18:00-ге дейін қалған үш пойыздың барлығын өткізіп, бір тәуліктің көлемінде бұрынғы бекітілген өз кестесі бойынша жүретін болады.