Қостанай облысында жітіқаралықтар құрғақшылықтың аграрлық салаға зардабы тимейтін жолын тапты
Аптап ыстық, жаһандық жылынудың салдары аграрлық салаға да оңай соқпай тұр. Соңғы бірер жылда көп мемлекетті құрғақшылық қыспаққа алды. Еліміздегі Қостанай облысы Жітіқара ауданының тұрғындары тығырықтан шығатын жолды тапқан сыңайлы. Астықты аймақ көкөніс шаруашылығын дамытуға ниетті. Биыл ойдағыдай өнім жинауға ниетті.
Бұл — Ысай ауылындағы астық егетін шаруашылық. Олар жұмсақ және қатты бидай егуді жолға қойған. Биыл бос жерлерге көкөніс өсіріп, сынақтан өткізіп көрмек. Қазір ондаған гектар картоп, сәбіз, қызылша және қырыққабатты күтімге алған.
Евгений Гришко астық егуші компания директорының өндіріс жөніндегі орынбасары:
-Жерді дайындап алдық. Сосын өңдедік. Мұнан соң тұқым сатып алдық. Ал өткен жылы суару жабдығы сатып алынған болатын. Екі суару құрылғысына 55 миллион теңге жұмсалды. Осылайша биыл егін егуді бастадық. Қазір тыңайтқыш сеуіп, суарып жатырмыз. Ойдан шығып жатыр.
Әзірге Жітіқара ауданында екі шаруашылық жалпы көлемі 50 гектар жерге көкөніс еккен. Олар ауа райының ерекшелігіне байланысты суару құрылғыларын қолдануға мәжбүр.
Дияр Айжаров, Жітіқара аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
-Бұл аумақтың ауа-райы егінге қолайсыз деп есептелінеді. Біз 2018-2019 жылдары егіннен өнім жинай алмадық. Содан кейін суаруды бастадық. Тек 2022 жылы ғана жауын-шашын болып, егін бітік шықты. Биыл барлық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің көңіл-күйі көтеріңкі. Барлығы жақсы өнім күтіп отыр.
Биыл жітіқаралық шаруалар 233 мың гектар жерге егін екті. Өткен жылғы көлеммен шамалас әр гектардан 8 жарым центнерден өнім жинау межеленіп отыр. Алда жауын-шашын түсімі жақсы болса, бұл көрсеткіш айтарлықтай артуы да мүмкін.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Артем Грапов, Сергей Трахтенберг