Экстремалды туризм: ШҚО-да жаңа соқпақ салынады
Шығыс Қазақстанда жартасты қыраттар мен өткел бермес өзендер арқылы туристік бағыт салынып жатыр.
Қатон-Қарағай ұлттық паркіндегі экстримге толы соқпақпен алғаш болып эко-белсенділер мен блогерлер жүріп өтті. Тыңнан сүрлеу салған саяхатшыларға халықаралық ұйым өкілдері қолдау танытты... Бұдан бөлек БҰҰ табиғи қорық аумағын абаттандыру және жергілікті орманшыларды, қажетті құрал-жадықтармен қамтамасыз ету бағытында жобаны қолға алды.
Қатон-Қарағайдың орманды таулары. 40-қа жуық эко-белсенді адам аяғы баспаған жерлерде жаңадан соқпақ салып келеді. Осылайша жаяу жүріп отырып, қорықтарға жету керек. Одан әрі 20 шақырым атпен жүріп өтеді. Табиғатқа зиян келтірмеу үшін бұл бағытта автокөлікпен жүруге қатаң тиым салынған.
Айгүл Нығметова, Қатон-Қарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің нұсқаушысы:
– Ең басты мақсат – бұл жерде барлығын табиғатпен біртұтас сақтап қалу. Туристік соқпақта 7 рет тоқтаймыз. Ең басты кейіпкер бұл жерде киелі марал болып саналады. Барлық маршрут бойынша бізге серіктес болады.
Бұл туристік топ БҰҰ қолдауымен жасақталған. Экологиялық жоба Қатон-Қарағай ұлттық паркін дәріптеуге бағытталған. Мұнда ғажайып мекеннің флорасы мен фаунасын зерделеу үшін арнайы фототұзақтар қойылған. Ұлттық парк қорықшыларына рациялар, өрт сөндіру кешені және барлық заманауи бейне жабдықтар берілді.
Сухроб Ходжиматов, Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының тұрақты өкілінің орынбасары:
- Соңғы жылдары БҰҰ даму бағдарламасы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесе ерекше қорғалатын 11 аумақты анықтап, даму жоспарын әзірледі. Мұндағы басты мақсатымыз – азаматтардың экологиялық білімін арттыру және табиғатты қорғауға шақыру.
Елімізде экстремалды жорықтар соңғы жылдары қарқын ала бастады. Өткен жылы ұлттық парктер аумағындағы қауіп-қатерге толы соқпақтармен 2 мыңнан астам турист жүріп өткен.
Жанар Сәрсенбаева, Қатон-Қарағай ауданы кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы:
- Өткен жылы біздің өңірге 70 мың турист келген болатын. Биыл олардың саны анағұрлым көп. 100 мыңнан асады. Ауылдық жерлердегі туризм ауданның дамуына айтарлықтай үлес қосып отыр.
Ел көлемінде туризм индустриясы қарқынды дамып келеді. Бүгінде Қазақстанда 80 астам туристік инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асуда. Қонақүйлер мен шипажайлар салынып жатыр. Имантау-Шалқар курорттық аймағын, Балқаштағы Бертіс шығанағы мен Алакөл жағалауын абаттандыру қолға алынды.
Авторлары: Елдос Какенов, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин