Жамбыл облысында егіс алқаптары қурап жатыр
Жамбыл облысында суармалы судың тапшылығынан 12 мың га егіс алқабы қурап кетудің аз-ақ алдында тұр. Әсіресе қант қызылшасын еккен диқандар шығынға баттық деп дабыл қағуда. Ал сумен қамтамасыз ететін мекеме тіршілік нәрі Киров су қоймасында да сарқылып жатқанын мәлімдеді. Мәселе қалай шешілмек?
Биыл Меркі ауданында 3 мың га аса жерге қант қызылшасы егілді. Бұл облыстағы қызылшаның 30%. Бірақ табысқа кенелеміз деп тәтті түбір еккен шаруалардың тақырға отыратын түрі бар. Қазірдің өзінде су тапшылығынан аудандағы 25 ірі қожалықтың 1000 га егісі қурап қалған.
Сансызбай Иманбетов, шаруа:
- 25 га еккенбіз ғой. Соның мысалға бәрі шықпай қалды да, қайтадан пересев жасадық қайта. Жүгері ектік, жүгеріміз де шықпай қалды. Пәленбай тиын жұмсадық оған. Сол қаражатқа бізге көмек сұраймыз. Субсидия бере ма, қалай үкімет жағынан ше.
Зарина Ниязова, шаруа:
- Бар ақшамыздың бәрін жерге құйып отырмыз қазір. Кредит алып жатырмыз. Айма-ай кредит төлейміз. Бізге ақшалай көмек берсе, кредитіміздің бір бөлігін жауып, ары қарай бар қылшамызды күзге дейін сүйрейтін едік.
Жамбыл облысы суармалы судың 80% Қырғызстаннан алады. Өңірдегі «Қазсушар» мекемесі биыл Киров су қоймасынан 560 млн куб тіршілік нәрін алуға келісімге келген. Бірақ бұл мөлшер 200 млн кубқа кем болды.
«Бұған Қырғыз тауындағы мұздықтардың ерімеуі себеп», - дейді. Тамыздың ортасына дейін жауын жаумаса, Таластан су алатын тағы 3 аудан судан тапшылық көретін түрі бар.
Ерлан Өтегенов, «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалының директоры:
- Бүгінгі таңда Киров су қоймасында 74 млн су қалды. Оның ішінде 50-55 млн Қазақстанға тиесілі. Енді мынау ауа райы өзгермесе, Киров су қоймасына су түспесе 2000 га қызылшасы күюі мүмкін.
Шығынға белшеден батқан шаруалар тұтас өңірде төтенше жағдай жариялауды сұрап отыр. Сол арқылы өнімге салған шығынды өтемақы ретінде аламыз ба, - деп үміттенеді.
Нұрби Жігітеков, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Ауыл шаруашылық министрлінің бұйрығымен ведомствоаралық комиссия құрылып, Қаржы министрлігі, одан басқа Экология және ТЖ министрлігінен комиссия келді. Соның нәтижесінде комиссия көз жеткізіп, өздері көрді қандай жағдайда болып жатқанын. Осы комиссияның анықтамасы бойынша шешім қабылдайды деп ойлаймыз.
Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, аймақта қуаңшылықтан 12 мың га аса егістік зардап шекті. Қазіргі есеп бойынша шарауалар шығыны 3,8 млрд теңгені құрап отыр.
Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә