Рудныйдағы көпқабатты үйлер газ желісіне қосылмаған
Рудный қаласында жаңадан бой көтерген көпқабатты үйлер үш жылдан бері көгілдір отын желісіне қосылмаған. Мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған 5 үйге, түрлі себептерге байланысты газ жеткізілмеген. Тұрғындар тұрмыс қажеттілігіне электр тоғын артығымен пайдаланып, соған сай шығын да көп деп отыр. Пәтер иелері әкімдікке де, прокуратураға да хабарласқан. Бірақ нәтиже жоқ. Жауаптылардың айтуынша, мердігер компания екі жыл бұрын тартылған газ құбырын қайта тексеріп шығуы керек. Олар анықталған ақауларды жөндеу және газды үйге жеткізіп беру жұмыстарын өз есебінен жүргізеді.
Дәурен Жәкенов, Рудный қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:
- Біз барлық 5 үйді газға бір уақытта қосқымыз келді. Бірақ ол кезде 5 үйдің тек 3-еуі ғана пайдалануға берілген болатын. Бір үйдің құрылысы түрлі себептерге байланысты ұзаққа созылды. Егер газ құбырлары жарты жыл бойы пайдаланылмаса, оны қысымнан өткізіп қайта тексеру керек. Соның салдарынан біз газды уақытында бере алмадық.