«Сарыөзек – Көктал» автокөлік жолы күзде ашылады
Жетісу облысындағы «Сарыөзек – Көктал» автокөлік жолы биыл қазан айында ашылатын болды. Ал келер жылдың күзінде толықтай пайдалануға беріледі. «ҚазАвтоЖол» компаниясының басшылығы осындай мәлімдеме жасады. Жоба құрылысы 2021 жылы басталды. Оның жалпы ұзындығы 178 шақырым. Автожолды күрделі жөндеуге республикалық бюджеттен 10 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. «Алтынемел» асуындағы тау жынысын жару жұмыстары кезінде осы маңдағы тұрғындар Талдықорғанға Қонаев қаласы арқылы қатынайды. Төте жолға қарағанда ол 200 шақырымға ұзақ. Халық сол себепті бұл жол бөлігін тездетіп ашуды сұрап отыр.
Амангелді Толамисов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Халықтың облыс орталығымен байланысы өте қиындап кетуіне байланысты және биыл да бітпейтіні туралы халық көтерді. Соған байланысты біз осы мәселе бойынша қалай жұмыс жүріп жатыр, соны көруге келдік, тыңдауға келдік. Сол себепті «ҚазАвтоЖол» басшылығын, мердігерлерді осы жерге шақырып, барлық мәселені тыңдап отырмыз. Биылғы жылдың 31 қазанына дейін осы жолды ашып береді. Бірақ толығымен тапсырмайды.