Ақтауда автомобиль жолы толық төселмеген шағын аудандар бар
«Шығыс-2» және «Шығыс-3» аудандарына жол салу үшін 6 жыл бұрын тендер жарияланған. Алайда жұмыс әлі бітпеген. «Жаңбыр, қар жауған күні жер батпаққа айналып, көлік түгелі адамның жүруі қиындайды»,-деп қынжылады тұрғындар. Жауаптылардың сөзінше, «Шығыс-2» бойынша жолды асфальттауға былтыр қала бюджетінен 100 млн теңге бөлінген. Биыл тағы қосымша қаржы қаралып, бастапқы жобаға бірқатар түзету енгізілген. Күзде мемлекеттік сараптамадан өткен соң жол құрылысы жедел басталуы тиіс. Ал «Шығыс-3» ауданында 4 көшеге жолдың алғашқы қабаты салынып тұр. Екінші қабатын жыл соңына дейін төсеу жоспарланған.
Асхат Нұрмұқан, «Ақтау қалалық ТҮКШ, ЖК және АЖ» ММ басшысы:
- Ағымдағы жылы ақшасы толықтай қаралған. Жобасына түзетулерді жүргізіп жатырмыз. Мекеме геодезиясын, топосьемкасын осыдан 1 ай бұрын жасап, қазір автомобиль жолдарын сызу жұмыстарын мамандар жасап жатыр. Біткен соң сараптамаға кіреді. Ток желілерге де қатысты мәселелер болды. Біз бағаналардың орындарын ауыстырдық.