Ақтөбеде қоқыс мәселесі ушығып кетті
Аулалар тұрмыстық қалдыққа толған. Тұрғындар коммуналдық мекемелердің қызметіне наразы. «Аптап ыстықта мүңкіген иістен мезі болдық»,- деп отыр.
Қаланың ескі бөлігіндегі кез келген көпқабатты үйдің ауласындағы көрініс осы. Бірнеше күн бойы шығарылмаған қоқыс үйіліп жатыр. Аптасына бір рет бас сұғатын жүк көліктері әрі кетсе тек жәшіктегісін ғана төңкеріп әкетеді.
Алтынгүл Жанкина, қала тұрғыны:
- Ауланың ортасында тұрады үйіліп. Дым жиналмайды дұрыс. Әсіресе сенбі-жексенбі толып кетеді мусор. Ақшасын уақытында төлейміз. Уақытында төлемесек хабарласады, жазады.
Жеке тұрғын үйлер аумағында да жағдай мәз емес. Көше бойында әр жерге ілінген қоқысқа көз сүрінеді. Бұралқы ит-мысықтың ермегіне айналған.
Жұмабек Құлымбетов, қала тұрғыны:
- Сейсенбі күні алу керек еді. Әлі алған жоқ. Сонымен әлі тұр. Енді білмеймін қашан алатынын. Мүмкін күтіп отырған шығар бәрін шашып тастағанша. Жауапкершілік жоқ ешкімде. Әр көшенің бойында мусор жатыр қазір.
Қаланың Астана ауданының өзінде 391 қоқыс алаңы бар. Билік өкілдері: «жыл сайын жәшіктер санын көбейтіп келеміз»,-дейді. Алайда мәселенің түп-тамыры коммуналдық мекемелердің аздығы мен қажетті жүк көліктерінің тапшылығында болып отыр. Бұған дейін қызмет еткен 3 серіктестіктің бірі тамыз айынан бастап жұмысын тоқтатады. Соңғы бір ай ішінде компанияға тиесілі 12 арнаулы автокөліктің тек бесеуі ғана жұмыс істеп жүр.
Халықтың наразылығын тудырып отырған жайт – қоқыс шығару құнының өсуі. Пәтер иелері бұған дейін 180 теңгеден төлесе, биылдан бастап 417 теңге, ал жеке баспана тұрғындары 200 теңгенің орнына 450 теңге төлеуге міндетті. Соған қарамастан қоқыс шығарушы компаниялардың жүктелген міндетті мінсіз атқарып отырғаны жоқ. Мәселенің түбегейлі шешу үшін жергілікті билік өкілдері:«жақын уақытта тасымалдаушы кәсіпорын жұмысқа кіріседі»,- дейді. Ол үшін мемлекеттік қазыналық мекеме де құрылған. Қазір қажетті көлік сатып алынуда.
Айбек Көпенов, Ақтөбе қаласы Астана ауданының әкімі:
- Алғашқы легі келді, 5 мусор шығарылатын арнайы техника келді. Жалпы 25 мусоровоз, арнаулы техника келеді. Осыған дейін жасаған адамдар автоматты түрде жаңадан құрылып жатқан мекемесіне ауысатын болады.
Жергілікті билік қоқыс шығару қызметіне ақша төлеуден жалтарып жүргендерге де қатысты шара қолдануды көздеп отыр. Ол үшін ортақ есептеу түбіртегін енгізбекші. Яғни электр жарығы мен көгілдір отын, жылу және ауызсу төлемдерімен қатар тұрмыстық қалдық қызметін өтеу де бір жүйеде есептеледі.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев