Аршалықтар арық суына қатысты мәселе көтерді
Аршалы кентінің тұрғындары егінге пайдаланып отырған арық суына қатысты мәселе көтерді. Айтуларынша оған кәріз құбырынан шыққан қалдықтар құйылатын көрінеді. Аңқаны ашытатын ащы иісі бар арық, астаналықтарға да қауіпті болуы мүмкін бе? Жергілікті әкімдік таза судың бұзылуына қарап, неге әрекетсіз отыр?
Бұл Аршалы кентіндегі Астана көшесінен өткен «Столица» арығы. Су таудан және Ақбұлақ ауылындағы қоймадан келеді. Алайда былтырдан бері реңі өзгеріп, жағымсыз иіс шыға бастаған.
Ғалы Сатеков Аршалы кентінің тұрғыны:
- Бақшаны суарғанда канализацияның иісі шығады. Судың өзі майлы. Бұрынғы таза судай емес.
90-жылдардан бері тұрғындар бұл арықты егінге пайдаланады. Тазаланбаған тіршілік нәрі егіндерге де зиянын тигізген көрінеді.
Юрий Огилько, Аршалы кентінің тұрғыны:
- Жаңбыр жауса жақсы көтеріледі. Алайда арық суын құйсақ, қайта солып, қурай бастайды. Басқа қайдан аламыз. Ондағы зиянды элементтер жеміске де өтеді деп ойлаймын. Ал оны адам жейді ғой.
Бұған 2018 жылы басталып, толық жүргізілмеген кәріз құбырлары себеп болуы мүмкін. Тұрғындар: «Жер астындағы құбырларды тексеру керек»,- дейді.
Әбдуәли Серікбай, Аршалы кентінің тұрғыны:
- Бүкіл осы поселканың кәріз суы ана жердегі станцияға құйылу керек. Содан тазаланып, міне, жерге құйылу керек. Оның бәрін тексеру керек, система істеп тұр ма? Шынында да тазаланбаған су мынадан кетіп жатыр ма? Тексеру керек.
Нұрлан Әбдікәрім, тілші:
- Тұрғындардың айтуынша, бұл бір ғана ауылдың алаңдайтын мәселесі емес. Өйткені, қазір су деңгейі төмен болғанымен көктем уақытында су көтеріліп, 1 шақырым жердегі құбыр арқылы Есіл өзеніне құйылады. Сондықтан тұрғындар бұл мәселе шешілмесе, Есілдің суы да бұзылуы мүмкін деп отыр.
Тұрғындардың шағымын арқалап, аудан әкімдігіне бардық. Алайда олар бұл мәселеден хабарсыз болып шықты. Аудан әкімінің орынбасары Совет Нұрғазин ауыл әкімін, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басшысын және су станциясына жауапты азаматтарды шақырып, мәселенің мән-жайын анықтауға тырысты. Олардың айтуынша, кәріз құбырында ешқандай ақау жоқ.
Хәкім Барлыбай, «Аршалы су-2030» кәсіпорын директоры:
- Станцияның қазір істемей тұрғаны рас. Оған қаржы керек. Бірақ арыққа кәріз құбырынан су ақты дегенге сенбеймін. Біріншіден, құбырлар арықтан алыста жатыр. Екіншіден, құбыр материалдары сапалы. Мен бұған 100% сенімдімін.
Біздің түсірілімнен кейін ауыл әкімі бұл мәселе бойынша тексеру жұмыстарын бастайтын болды.
Дмитрий Иванюк, Аршалы кентінің әкімі:
- Өткен жылы су көтерілгенде ағын жақсы болып, қамыстардың бәрі ағып кеткен болатын. Биыл су өте аз. Тазалау жұмыстары да көктемнен бері жүргізілмеді. Сондықтан су осылай бұзылып кетті деп ойлаймын. Біз санитарлық-эпидемиологиялық орталық және экологтармен бірге бәрін анықтаймыз.
Нұрлан Әбдікәрім, тілші:
- Жауаптылар келесі аптада тексеру жұмыстарын жүргізіп, содан кейін шешім қабылдаймыз деп отыр. Қалай болғанда да тұрғындардың шағымы жауапсыз қалмайды деп уәде берді. Біз де бұл мәселені бақылайтын боламыз.
Авторлары: Нұрлан Әбідкәрім, Таир Мерекенов, Фархад Алпысжанов