Елімізде балалардың жарақат алу дерегі көбейіп барады
Дәрігерлердің айтуынша, көбіне балалар қараусыз қалғанда оқыс жағдайға тап болады. Астанадағы №2 көпбейінді балалар ауруханасы жыл басынан бері 50 мыңға жуық адам қабылдаған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8 мыңға көп. Есесіне жарақат бөлімінің жүктемесі біршама артқан.
Жаз мезгілі балалардың асыр салып ойнайтын шағы. Аулада ойнап жүрген 7 жасар Әлихан велосипедпен үйден алшақтап кетіп, жолға шығып, көлікке соқтығысқан. Бақылаусыз қалған ойын баласы қазір үшінші отадан шықты.
Айгүл Рахматұллаева, қала тұрғыны:
- Ауыр жарақат деп айтты. Сүйегі аман. Басы жақсы. Жақсарып келеді деп айтты. Сабақ болды. Бұдан кейін енді баланы жалғыз қалдырмаймын. Басқа ата-аналарға да солай айтар едім.
Ауруханада кешкі 20:00-ден түнгі 03:00 дейін келушілердің қатары күрт көбейеді. Бұл қалыпты жағдайға айналып барады. Соңғы 6 айда 24 мың 400 бала көгеру, бұлшықеттің созылуы, 6 мың 300 сынық бойынша емделген. Мұнда басқа аудандар мен Астана маңындағы ауылдардан да балалар келеді. Аурухананың өзі күніне 250 ем алушыны қабылдауы тиіс. Бірақ қазіргі жүктеме біраз артқан.
Баймахан Садуов, жарақат бөлімінің меңгерушісі:
- Тамыз айында қайтадан көбейеді. Балалардың бәрі үйлеріне қайтып келеді. Күніне 600-700 рентген жасаймыз. Кейбір кезде 800-900 дейін барады.
Мамандар: «Барынша көмек көрсетуге тырысқанымен, кейде уақыт жағынан үлгермей жатамыз»,- дейді. Жарақат пункттері жеткіліксіз болған соң қаладағы 6 емханада арнайы бөлімдер ашылған. Бірақ ол тәулік бойы жұмыс істемейді. Сондықтан осы аурухананың жанына тағы бір нысан салу жоспарланып отыр.
Гүлнәр Кулушева, №2 қалалық көпбейінді балалар ауруханасының бас дәрігері:
- Былтырлары біздің аурухананың жанынан бөлек үлкен травмпункт салынуы туралы шешім қабылданды. Конкурс өтеді проекттік сметалық құжаттары бар. Оның бәрі уақыт алатын шығар. Құжат дайын болса, 25 жылдары ойлаймын үлкен жарақат бөлімі болады деп осы ауруханада. Сондықтан мұның бәрі қарастырылып жатыр. Шешімі табылады.
Нұрлан Әбдікәрім, тілші:
- Ал қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қазір №4 балалар ауруханасының жобасы қаралып жатыр. Бірақ оның қашан соғылып, іске қосылатыны белгісіз. Десе де мамандар: «Мәселенің салдарынан бұрын себебімен күресуге шақырып, ата-аналар барынша балаларын бақылауда ұстаса екен»,- дейді.
Айта кетейік, кеше ғана 8 қабаттан құлаған 3 жасар бала ауруханаға түсті. Қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр.
Авторлары: Нұрлан Әбдікәрім, Аян Сәрсенбаев