Қарағанды облысында алаяқтарға жұмыс істеген курьер ұсталды
Қарағанды облысында 75 жастағы зейнеткерді алдап, ірі көлемде ақшасын алған алаяқ ұсталды. Ол қарияға телефон соғып, өзін полиция қызметкерімін деп таныстырып, қызының жол апатына кінәлі екенін хабарлайды. Қылмыстық жауапкершіліктен босату үшін ақша талап еткен. Жәбірленуші қоңырау шалған адамның жанындағы келіншектің дауысын қызына ұқсатып, сұраған ақшаларын беруге бірден келіседі. Сәлден соң үйіне келген курьердің қолына жылдар бойы жинаған барлық қаражатын ұстата салған. 19 мың евро және 14 мың 700 доллар. Кейіннен алданғанын біліп, полицияға шағымданады. Тәртіп сақшылары күдіктіні Астана қаласында банкоматқа ақша салып тұрған жерінен қолға түсірді. Ол Тараз қаласының 19 жасар тұрғыны болып шықты.
Жалпы жыл басынан бері алаяқтардың арбауына түскен 80 адамнан арыз түскен. Жедел іс-шаралар нәтижесінде 27 қылмыскер ұсталған. Оның 5 кәмелет жасқа толмаған болса, 13 такси жүргізуші.
Аслан Өскембаев, облыстық ПД криминалдық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы:
- Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық Кодексі 190-бабы төртінші бөлігімен қылмыстық іс тіркелді. Яғни аса ірі мөлшердегі алаяқтық фактісі. Ұсталған адам да өзімен бірге 17800 евро, 115 мың теңге және Айфон 14 маркалы ұялы телефоны болған.