БҚО-да бидай бағасы арзандады
Батысқазақстандық диқандар биыл 429 мың га егін салды. Оның 306 мыңы дәнді, қалғаны майлы дақылдар. Қазір астықты алқаптың үштен бірі орылды. Орташа өнімділік әр гектарына 13 ц шамасында. Биылғы егіннің түсімі жақсы болғанымен, диқандарды бидай бағасының құлдырап кетуі қынжылтады. Егер былтыр бидай бағасы – 110 мың теңгеден басталса, қазір жергілікті элеваторлар 3 сұрыпты бидайдың тоннасын 68 мың теңгеден қабылдап жатыр. Бұл өте арзан. Егер егіннің пайдасы шығынды жаппаса, алдағы жылы астықты алқаптардың аумағы күрт кемуі ықтимал. Техника паркінің жаңаруы да, жаңа агротехнологияларды қолдану да тежеледі. «Сондықтан бидай нарығындағы қазіргі қалыптасқан жағдайға жоғарыдағылар жіті назар аударса»,- дейді диқандар.
Лұқпан Мұхамедияров, шаруа қожалығының жетекшісі:
- Ресейден келіп жатқан бидай мен күнбағыс бағаны түсіріп жіберді. Қазір тыйым салды автокөлікпен, транспортпен. Бірақ кіріп жатыр әлі. Таныстарым Чувашкадан хабарласады. Күніне 40 машинадан кіріп жатыр деп. Фуралар дейді. Олар келіп сол 50-ден сатып жатыр. Арпа одан да арзан. Бұлай болып тұра берсе ауыл шаруашылығы құлайды ғой.
Марат Тоғжанов, Бәйтерек ауданының әкімі:
- Кеткен шығындарымыз Ресейден келетін дәнді дақылдардың бағасымен келмейді. Сондықтан жоқ дегенде 90 мың теңгеге бару керек. Бүгінгі күні көрші ел тоннасын 40 мың теңгеге дейін өткізуге дайын отыр. Бұл деген Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығына қатты соққы болғалы тұр.