Елдегі ауруханалардың борышы 87 млрд теңгеден асқан
Елдегі ауруханалар мен емханалардың жалпы қарызы 100 млрд теңгеге жетуі мүмкін. Медициналық ұйым өкілдері Үкіметке жүгіне бастаған. Айтуларынша, саладағы ахуал күрделі. Медқызметкерлерге жалақы төлеуді тоқтатып, ұйымдардың жаппай жабылып қалуы мүмкін. Оған жиналған берешек себеп. Бір ғана Ақтөбе облысының өзінде медициналық ұйымдардың қарызы 4,7 млрд теңгеден артып жығылады.
Ақтөбе облысындағы тек үш аурухананың борышы 2,5 млрд теңгеден асқан. Түскен табыс медициналық қызметкерлердің жалақысынан артылмайды. Коммуналдық төлемдер мен салықтың салмағы тағы бар. Салдарынан қордаланған қарызды төлеуге мүмкіндік жоқ.
Ақзат Сарқұлова, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бухгалтерлік есеп бөлімі басшысының м.а:
- Ана мен баланы қорғау орталығы және Ақтөбе медицина орталығы «СК Фармацияға» қарызы бар. Және басқа да мекемеге, көбіне дәрі-дәрмек және медициналық ұйымдарға жеткізушілерге қарыз.
Қостанайда да жағдай мәз емес. Аруханалар дәрі-дәрмек түгіл науқастарға азық-түліктің өзін қарызға ала бастаған. Берешек көлемі 3 млрд 200 млн теңгеге жетті. Мамандар мұны медициналық қызметкерлердің жалақысының өсуімен байланыстырып отыр.
Батырбек Нұрғалиев, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» облыстық филиалының директоры:
- Біз төлейтін тарифтер қызметкерлердің жалақысының жыл сайын өсуін қарастырады. Алайда инфляция коэфицентіне бола тарифтер өспей отыр. Қазір қордан 2,5 млрд теңге бөлдік. Бұл қаржы медициналық қызмет көрсетушілерге жеткізіледі.
Мұндай ахуал еліміздің барлық өңірінде байқалады. Берешек көлемі 87 млрд теңгеден асқан. Борышқа белшесінен батқандықтан, бірқатар ауруханалардың есепшоттары бұғатталған. Коммуналдық қызметті төлеуді айтпағанда, ем-шараға қажет құрал-жабдық сатып ала алмайды. Салдарынан дәрігерлер кейде жоспарлы ем алуы тиіс пациенттерді ауруханаға жатқызудан да бас тартуға мәжбүр.
Ғабит Нұрханұлы, дәрігер-анестезиолог:
- Терапия мен хирургияның тарифтерін бірдей қылып қойды да бұлар. Ауданда мысалы, қаншалықты адам келеді, қанша адам келеді оның бәрін есептеген жоқ. Жүйені әкелді, құрды. Оны есеп берумен келеді де, енді қазіргі кезде бәрі тығырыққа тірелді. Ауруханалардың бәрі минус, емдейін десе, адамдарға ақша жоқ, препарат сатып алайын десе, ақша жоқ. Ол қазір де үлкен проблема. Ауруларды емдеген сайын аурухана көп ақша табу керек қой. Бұл жерде керсінше. Ауруларды емдеген сайын аурухана минусқа кетіп жатыр.
Әлеуметтік медициналық сақтандандыру қоры қалыптасқан жағдайға байланысты Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, МӘМС жүйесіне қосымша 60 млрд теңгеге жуық қаражат бөлді. «Алайда бұл мәселені түпкілікті шешпейді»,-дейді саладағылар.
Марат Хавсеметұлы, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» Астана қалалық филиалы директорының орынбасары:
- 59,7 млрд енді ол 80 млрдты жаппайды. Сондықтан жергілікті атқарушы биілік өздерінің жергілікті территориялық бағынысты медициналық ұйымдарының не себептен қаржылық тұрақтылығы жоқ немесе қаржылық шаруашылық қызметінің нәтижесі неге осындай оң көрсеткіштер көрсетпей тұр, яғни сол шығыстарды олар өтеп беруі керек.
Тіпті қаражат бөлінген күннің өзінде ауруханалар өз жауапкершілігі жайлы ұмытпауы тиіс екендігін еске салды.
Марат Хавсеметұлы, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» Астана қалалық филиалы директорының орынбасары:
- Медициналық ұйымдар жеке болсын немесе мемлекеттік ұйымдар болсын, олар өзінің қаржылық тұрақтылығына өздері жауап беру керек.
Қазір медициналық тарифтерді өзгерту жайлы шешім қабылдануда. Ал бұқараның көрсетілетін медициналық қызметтерге сол күйі көңілі толмайды. Бұл мәселені депутаттар да бірнеше мәрте көтерді.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Қазір азаматтар ауруханаға барып, тексерістен тегін өтемін десе, 1 ай немесе 3 ай күту керек. Ал егер сол адамдар сол тексерістен ақылы түрде өтемін десе, дәл сол уақытта өтуіне болады. Осыны ескере отырып, ай сайынғы қаржыландырудан бас тарту керек. Көрсетілген қызмет фактісі бойынша төленуі тиіс.
Мәселенің анық-қанығын анықтау үшін жоғары аудиторлық палата міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне аудит жүргізбек. Жүйеде жұмыс істейтін әр аурухана мен емхана жіті тексерілетін болады.
Авторлары: Дана Әлиева, Диас Ковланбаев, Мансұр Есхожин