Ақжардағы ауызсу мәселесі шешілді
Алматының Наурызбай ауданындағы Ақжар ықшам ауданының тұрғындары 10 жылдан бері ауызсудың азабын тартып келген еді. Енді бар қиындық артта қалды. Жаңа сорғы стансасы арқылы ықшам ауданның 70% таза ауызсумен қамтылды. Қала әкімі Ерболат Досаев Наурызбай ауданындағы бірқатар нысандарды аралап, жұмыс барысымен танысты.
Наурызбай ауданындағы №200 мектеп-гимназия 2018 жылы қолданысқа берілген. Мұнда қазір 2200 бала білім алуда. Жазғы демалыс уақытында мектептің кітапханасы қайта жөндеуден өтіп, заманауи үлгіде жасақталды. Енді оқушылар жайлы ортада кітап оқып, қосымша білімдерін жетілдіре алады. Білім ордасы жаңа оқу жылына сақадай сай дайын.
Айнұр Нұрымқызы, №200 мектеп-гимназия директоры:
- Мектепте ерекше білімді қажет ететін орталық бар. Ол орталықта 14 оқушы бар. Ол оқушылар арнайы қысқартылған арнайы бағдарламамен оқиды және ол оқушылармен психолог, логопед, дефектолог және тютерлар жұмыс жасайды.
Қала аумағына қосылған Наурызбай ауданында инфрақұрылымдық мәселелер кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Жақында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында су сорғы стансасы іске қосылып, Ақжар шағын ауданындағы 3600-ге жуық жеке тұрғын үй, сондай-ақ көпқабатты тұрғын үйлер мен білім беру мекемелерінің ғимараттары ауызсуға қол жеткізді.
Назира Тоғызбаева, Наурызбай ауданының әкімі:
- Қазіргі уақытта ірі жобалардың құрылысы жүріп жатыр. Бұл Наурызбай ауданының 70 мыңнан астам халқын қамтитын Ақсай сүзгі стансасы мен Қарғалы сүзгі стансасы. Бірінші жоба 2025 жылдың аяғында қолданысқа беріледі. Ал Қарғалы сүзгі стансасның құрылысы биылғы жылдың соңында аяқталады.
Тіршілік нәріне қолы жеткен ақжарлықтардың қуанышында шек жоқ. Жақында «Бюджетке қатысу» жобасы аясында бос жатқан жерге балалар алаңы жасалды. Жалпы осы бағдарлама бойынша Наурызбай ауданында 67 қоғамдық орын абаттандырылады.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Әбен Нарымбаев