«Қазақстан» шахтасындағы өрт: Үшінші кеншінің мәйіті табылды
Қарағанды облысындағы «Қазақстан» шахтасында іздестіріліп жатқан 3 кеншінің тағы бірінің мәйіті табылды. Қалған екеуі әлі іздестіріліп жатыр. Құтқарушылар өрт болған конвейрдің 40% жүріп өткен. Алда әлі 800 метрге жуық қашықтық бар. Қазір ондағы жалын сөндіріліп, желдетіліпті.
Еске салсақ, «Қазақстан» шахтасындағы конвейер таспасының өртенуі салдарынан 222 адам жедел жер бетіне шығарылды. Ал 5-і іздестіріліп жатқанын айтқанбыз. Мемлекет басшысы шахтада болған өрт себебін анықтау үшін жан-жақты тергеу жүргізуді және зардап шеккендерге көмек көрсетуді тапсырды. Еліміздің ТЖМ қарасты Өндірістік қауіпсіздік департаменті былтыр «Қазақстан» шахтасын тексеріп, онда заңға қайшы 168 олқылықты анықтаған. Нәтижесінде экономикалық сотқа шағым жазып, кемшіліктерді жойғанша кейбір құрылғылардың жұмыс істеуіне тыйым салған екен.
Вадим Басин, облыс әкімінің бірінші орынбасары:
- Қазіргі жағдай бойынша 11 адам ауруханада. Оның 9 Қарағанды қаласына жеткізілсе, 2 Шахтинск қаласында. Құтқару жұмыстары барысында табылған мәйіттер жер үстіне шығарылды, қалғандары іздестіріліп жатыр. Қаза болған кеншілердің отбасына мемлекет тарапынан да, компания тарапынан да жан-жақты көмек көрсетілді.