Түркістандағы қайғылы оқиғаға ұйық себеп болуы мүмкін — ТЖМ
Түркістандағы қайғылы оқиғаға ұйық себеп болуы мүмкін. Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов осындай болжам айтты. Оның сөзінше, Сырдария үнемі арнасы мен су жылдамдығын өзгертіп отыратын өзен. Тереңдігі де әрқилы. Жалпы мамандар жыл басынан бері суға түсуге арнайы белгіленген орында ғана түсу керегін ескертіп келеді. Бірақ жұртшылық көбіне құлақ аспайды. Соңы қайғылы жағдаймен аяқталып жататыны өкінішті. Мәселен, жыл басынан 198 адам суға батып кетті. Оның 57 кәмелет жасына толмаған еді. Абырой болғанда 190 адам құтқарылды. Оның 64 бала. Шомылу маусымы басталғалы адамдардың суға батуы бойынша оқыс жағдай көбіне Түркістан, Қостанай, Алматы облысында болған.