Атырау облысында жан қинамай жалақы алғандар анықталды
Атырау облысында білім беру саласының мамандарына жалған құжатпен жалақы төленіп келген. Мұны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігінің қызметкерлері хабарлады. Тексеріс нәтижесінде облыстағы 12 мектепте іс жүзінде жұмыс істемейтін 41 адамға 90 млн теңге жалақы аударылғаны анықталған. Мысалы, облыс орталығындағы мектеп электригі ірі компанияда жұмыс істеп жүріп, қосымша 2 білім ошағынан 1,5 мөлшерлік еңбекақы алып келген. Сондай-ақ компьютер бөлімінің бағадарлама жасақтаушысы 1,5 мөлшерлік 2 білім беру ұйымында қызмет атқарған. Заңбұзушылықтар мұнымен шектелмейді.
Жәнібек Қаражанов, ҚР СЖҚІҚА облыстық департаментінің басқарма басшысы:
- Талдау нәтижесінде мектеп басшысы өзінің туысқандарын, яғни қызын және балаларын, күйеубаласын өз қарамағына қызметке алған. Бірақ іс жүзінде олар жұмыс істемегендері анықталды. Тек қана осы мекетің өзінен 20 млн теңгеден астам ақша қаражатын жымқыру анықталды. Және осы мектептің директоры жалақасынан бөлек 1,2 млн теңге ақшаны артық аударып алған.
Ал Жамбыл облысында білім беру саласының қызметкерлері 200 млн теңге бюджет қаржысын жымқырғаны анықталды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент өкілдері 5 ауданда 1 ай бойы тексеріс жүргізген. Нәтижесінде 130 аса заңбұзушылық анықталды. Мектептерде құрылған комиссия өкілдері кейбір мұғалімдердің жұмыс өтілін көбейтіп, көрсетіп, жоғары жалақы тағайындаған. Ал аудандардың бірінде бас бухгалтер екі есе жоғары жалақы алып отырған. Жамбыл аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі болса, бір уақытта 4 мектепте мұғалім болып жұмыс істеген.