Маңғыстау облысында кен орнындағы өрт қашан сөндіріледі?
Маңғыстау облысындағы «Оңтүстік Қаратұрын» кен орнында мұнай ұңғымасы жанып жатқанына 3 айға жуықтады. 9 маусымда №303 барлау ұңғымасында апат болып, ауаға су аралас метан атқылаған еді. Содан бері газ фонтанын тоқтату мүмкін болмай тұр. Жағдай жедел штаб бақылауында. Сала мамандарының айтуынша, аумақта әрқайсының тереңдігі 1200 метрлік 2 ұңғыма қазылып жатыр. Бұдан бөлек тағы 2 ұңғыма бұрғылана бастады. «Асығыс қимылдауға болмайды. Бір жердегі метан таралуын тоқтатамыз деп жүріп, басқа ұңғымаларға қауіп төндіруіміз мүмкін», - деді Энергетика вице-министрі Асхат Хасенов.
Асхат Хасенов, ҚР Энергетика министрінің орынбасары:
- Тағы да бір газ фонтанын ұстап алмауымыз керек. Қосымша біз басқа елдің бұрғылау мекемелеріне және институттарына хабарластық. Қытай еліне ПМ-Лукс деген компанияны қостық. Польшадағы. Осындай апаттарды жоюға өздерінің тәжірибелері бар. Экологиялық зардап бойынша мына апат жойылғаннан кейін құзыретті органдар әркім өз құзыреті бойынша тексеріс ашып, нәтижесін береді.
Руслан Төкенов, облыстық экология департаментінің басшысы:
- Авариялық жағдай біткеннен кейін біз сәйкесінше прокуратура органдарына жүгіне отырып, жоспардан тыс тексеріс жұмыстарын жүргізетін боламыз. Негізгі мақсаттар – газдың көлемін анықтау, оның құрамын, қандай су шықты, оның құрамы қандай деңгейде зиянды, осылар тексеріс қорытындыларымен толықтай айқындалатын болады.