Алматы әуежайының жаңа терминалы қашан ашылады?
Алматы халықаралық әуежайындағы жаңа жолаушылар терминалының құрылысы мерзімінен бұрын аяқталуы мүмкін. Яғни келесі жылы жазда туристік маусым басталатын кезде пайдалануға берілмек. Бұл туралы әуежайды басқаратын түрік компаниясының басшысы мәлімдеді. Әуежай айлағына барған қалалық мәслихат депутаттары түйіткілді мәселелерді мамандармен бірге талқылады.
Жаз бойы Алматы әуежайынан дау арылған жоқ. Биыл туристік маусымда жолаушылар саны күрт өсті. Ескі терминал болса, сапалы қызмет көрсете алмады. Сондай-ақ жаңа ғимараттың құрылысына байланысты автокөлік жүретін пандусты жауып тастады. Бірнеше рейс қатар келгенде жолаушылар сағаттап әуежай аумағынан шыға алмай қалды. Мұның бәрі көпшіліктің ашу-ызасын тудырды. Қалалық мәслихат депутаттары осыған байланысты арыз-шағымдардың көп түскенін айтып отыр.
Руслан Ыдырысов, қалалық мәслихат депутаты:
- Біз бүгін көпті толғандарған сұрақтардың жауабын алдық. Біріншісі тұраққа қатысты. Әуежай президенті 11 қыркүйекте бұрын Оңтүстік VIP қарамағында болған автотұрақтың ашылатынын айтты. Қазір пандуспен де көтерілуге болады. Мұны келушілердің білгені абзал. Автокөлік екінші қабатқа көтеріліп, жолаушыларды түсіріп, оңай шығып кете алады.
«Басқарушы компания жаңа терминал салынғанға дейін әуежайдың эргономикасы мен логистикасын жақсарту үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз»,-дейді. Екінші қабатқа апаратын көлік пандусы өткен жұмада ашылды. VIP терминал жаңа ғимаратқа көшкеннен кейін бос орын көбейеді. Автокөлік қоятын жердің де көлемі артады. Ал жаңа автотұрақ келесі айдың соңында пайдалануға беріледі. Нысан 250 көлікке лайықталған.
Альп Эр Тунга Эрсой, «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ президенті:
- Жоспарға сәйкес, жаңа терминал келесі жылдың тамызында ашылуы тиіс. Нысан қазір 70% дайын. Бірақ жолаушылар ағыны күрт өскендіктен, мердігер компания құрылысты сәл ертерек, яғни жаздың басында аяқтау үшін күш салып жатыр. Жаңа терминал тек қана халықаралық рейстерге пайдаланылады. Ал ескісі жергілікті рейстер үшін қайта жаңғыртудан өтеді.
Әуежайдағы тағы бір өзекті жәйт – такси мәселесі. Бүгінде әуежайда бір ғана такси компаниясы жұмыс істейді. Әрине, бұл аздық етеді. Кем дегенде үшеу болуы керек. Олар белгіленген тариф бойынша қызмет көрсетуі тиіс. Бұл шетелдік азаматтарды алдап соққысы келетін жеке жүргізушілердің еркінсуіне жол бермейді. Тағы бір мәселе – қоғамдық тамақтандыру орындары мен сауда нысандарының жұмысы. Олардың да бағаны аспандатып жібермеуін қадағалаған жөн. Депутаттар осылай деп пікір білдірді.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Кенже Амраев