Хабар телеарнасы

Қызылша саудасы қыза ма?

Жетісу облысындағы қант зауыттарының бірі ауыл шаруашылығы құрылымдары өсірген қант қызылшасын 10 қыркүйектен бастап қабылдайды. Ал екінші бір зауыт бұл жұмысты 15 қыркүйектен бастайды. Шаруалар тәтті түбірдің әр келісін биыл 40 теңгеден өткізеді. Оның 15 теңгесін зауыттар төлесе, қалған бөлігін мемлекет өтейді.

Жетісу облысы бойынша биыл 9 мың гектарға жуық алқапқа қызылша егілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Биыл «Көксу» қант зауыты 250 мың тонна, ал «Ақсу» қант зауыты 120 мың тонна қызылша алуды алуды жоспарлап отыр.

Ыбырай Дәуітов басқаратын Көксу ауданындағы ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі өткен жылы 50 гектар жерге тәтті түбір еккен еді. Бүгінде қызылша алқабының көлемін 236 гектарға жеткізді. Шаруа көктемгі дала жұмыстары кезінде қант зауытынан 20 миллион теңге көлемінде қолдау қаржы алған. Оны күзде жиналған өнім есебінен өтейді.

Ыбырай Дәуітов, Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің басшысы:
-Қазір, міне, соңғы суын беріп жатырмыз, салмақ суын дейміз. Осы күнге дейін мемлекет тарапынан субсидияланған жанар-жағармай алдық. Одан кейін мынау гербицид, фунгицид, тұқымның жаңағы субсидиялары облысымыз ауысып тұрса да уақытында берілді. Одан кейін мына қант зауытының тарапынан гектарына 100 мыңнан шағып аванс берілді.

Шаруалар соңғы кездері басқа дәнді дақылдарға қарағанда қызылша егудің өте пайдалы екенін түсіне бастаған. Өйткені бағасы жақсы, өнімділігі де өте жоғары. Бірақ бұл дақыл баладай күтіп баптауды қажет етеді.

Нұрдәулет Кененбаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
-Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысының жалпы осы қант саласын дамыту жөнінде бір үлкен тапсырмасы бар. Сол тапсырма аясында біз жылма жыл қант қызылшасының көлемін ұлғайтып отыруымыз керек. Келесі жылға біз 11 мың гектарға жоспарлап отырмыз. Былтырғы жылы 159 шаруа қожалығы болатын болса, биыл 270-тің үстінде. Яғни шаруа қожалықтарының арасында үлкен қызығушылық бар.

Жетісу өңірінде биылғы жиын терім кезінде жалпы көлемі 400 мың мың тоннадай қант қызылшасы жиналады деп күтілуде.

Алтынбек Абатов, қант зауытының директоры:
-Қабылдау 15 мың теңге, сол күйінде қалды және компенсация жолға кеткен расходтарын біздер төлеп береміз. Кербұлақ ауданына, алыстағы аудандарға 3 мың теңгеден тоннасына, Көксу, Қаратал, Ескелді аудандарына мың теңгеден тоннасына.

Зауыт қызылшаны қабылдап алғаннан кейін 10 күн ішінде шаруашылықтармен есеп айырысуы тиіс. Ал Үкімет өтейтін бөлігі өңірлік ауыл шаруашылығы басқармалары арқылы бір аптаның ішінде төленеді.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов