Жазушы әлде жасанды интеллект?
Жаңа технология шығармашылық жұмысты алмастыра ала ма? Әлемдегі баспа саласының сарапшылары жасанды интеллектінің кітап өндірісіне әсері қандай боларын талқыға салып жатыр. Абу Дабиде ұйымдастырылған халықаралық кітап көрмесінде саладағы соңғы жаңалық таныстырылды.
Әбу-Даби халықаралық кітап жәрмеңкесі әдебиет, баспа және технология мамандарын біріктіретін аймақтағы ең ірі көрме. Жәрмеңке жыл сайын өтеді. Биыл 33 мәрте ұйымдастырылып отыр. Оған 90 елден келген 1350 баспа компаниялары қатысып, өз өнімдерін ұсынып жатыр.
Бұл жәрмеңкеге дүниежүзінен жазушылар, аудармашылар, кітап шығару саласындағы компаниялар жаңа аудитория жинап, серіктестер табу үшін арнайы келеді. Қазақстандық баспагерлер көрмеге жыл сайын шақырту алады. Биыл келушілердің назарына отандық ақын-жазушылардың үздік туындылары мен танымдық әдебиеттер ұсынылып отыр. Ал жәрмеңке көрмесінен Абу-Дабидің 19-ғасырдағы картасы «Абутубби», лондондық Питер Харрингтонның бірегей тарихи артефактілер жинағы сияқты сирек туындыларды көруге болады. Мұнда сирек кітаптар экспонатына ежелгі Түркістан туралы жазбалар да қойылған.
Баян Қабылаш, «Номад» мәдени қорының директоры:
-Қазақстанның атынан Алматы кітап баспасы, Арман ПВ және тағы да басқа баспалардың кітаптары ұсынылып жатыр. Араб әдебиеті мен Орта Азия оның ішінде Қазақстанмен әдеби қарым-қатынасын нығайтуға және авторлық құқықтардың өзара сатылымы және өзара аударма жұмысының дамуы, осының барлығы бүгінгі платформада болады деп ойлаймыз.
Көрмеде көтерілген басты тақырып нейрондық желі әлеуеті мен оның кітап жазу ісіне әкелетін өзгерістер болды. Қазір әлемдік кітап дүкендері ЖИ көмегімен оқырмандардың жеке қалауына қарай өнімдер дайындап, сатылымды өсірген. Кей елдер нейронды жүйені кітаптың мұқабасы мен ішін безендіру, мәтін аудармасына қолдануға көшкен. Сала өкілдерінің пікірінше, ақпаратты өңдеу мен түзетуді автоматтандыру уақытты үнемдеп, шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.
Фатима Саиф Бин Хариз, Хамдан Бин Мохаммед мұрасын жаңғырту институты департаментінің директоры:
-Біз ең жаңа технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектті пайдалануға бет бұрдық. Оның жақсы-жаман тұстары айтылып жатыр. Біз үшін маңызды нәрсе - көне құжаттарды қалпына келтіру, мәдени бірегейлікті сақтау және келер ұрпаққа оны қолжетімді күйде қалдыру. Осы тұрғыдан алғанда жасанды интеллекті тиімділігін көрсетіп отыр.
Мамандардың айтуынша, машиналық оқыту алгоритмі әлеуметтік тенденцияны бақылап, кітап сатылымын оңай талдау арқылы жаңа трендті болжай алады. Бұл баспагерлерге қандай еңбектерді басып шығару керектігі туралы шешім қабылдауға көмектеседі. Алайда баспа саласының сарапшылары ең күрделі жасанды интеллект те шын қаламгерді алмастыра алмайды деген ой тұжырым айтады. Абу-Дабидағы жәрмеңке мамырдың 5-сіне дейін жалғасады.
Авторлары: Бибігүл Нысанбаева, Ералы Тілеуіш