Алматыда «Бес жұлдыз» мега шоуының түсірілімі басталды
«Хабар» арнасында жаңа жоба. Алматыда «Бес жұлдыз» мега шоуының түсірілімі басталды. Таланттарды танытуды көздейтін бұл бағдарлама бұрынғылардан өзгерек. Әнсүйер көрерменге қазақ эстрадасындағы дәстүрге айналған тәлімгер мен шәкірт сабақтастығы ұсынылады.
Көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, әр кавері хитке айналған «Кавер шоу» жобасы таспаланған студия осы. Енді «Бес жұлдыз» мега шоуының сахнасы құрылып, жарық қойылып, дыбыс пен бейне жабдықтары орнатылды. Бұның өзіне бірнеше күн кетті.
Дәл қазір «Бес жұлдыз» мега шоуының дайындық жұмыстары пысықталды. Қазір залға көрермендер мен сарапшылар отырып, өз орындарына жайғасып жатыр. Шамалы минуттардан кейін режиссердің тапсырмасымен түсірілім басталады.
Шығармашылық топ «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген қағиданы ұстанады. Сценарий әбден пысықталып, жүргізушілерге беріледі.
Бес жұлдыз мега шоуының сахна сыртындағы дайындығы қызу жүріп жатыр. Мына оң жақтағы кабинеттерде жобаның қатысушылары, сарапшылар мен тәлімгерлер киімдерін ауыстырып, гримм жасатып әрмен қарай сахнаға бет алады.
Ал сахна сыртында жобаға қатысушы шәкірттер де, оларға үміт артқан тәлімгерлер де қобалжулы. Өйткені олар әр өңірден арнайы шақырылған музыка майталмандарының алдында өнер көрсетеді. Жас таланттар әуелі жеке дауыста ән салады. Содан кейін жобадағы ұстазымен дуэт орындайды.
Ернар Садырбаев, әнші:
-Әр түрлі қатысушылар, күшті дайындалып келген. Ерекше жоба, бірінші рет болайын деп жатқан жоба. Бірге қатысатын қатысушыларды көрмедім әлі. Біз енді, жас буын, орта буынға жақындап келе жатырмын ғой мен енді. Артымыздан ерген інілерімізге жол сілтеп, сахнаға шығарайық деген үмітпен келіп тұрмыз.
«Бес жұлдыз» шоуының жүргізушілері көрерменге танымал Ақболат Өтебаев пен Ғазиз Ерболат. Ал Сәкен Майғазиев жобаның тұрақты әрі бас сарапшысы болады. Танымал әнші мен қос жүргізуші осы шоудың қызықты болуы үшін барын салмақ.
Сәкен Майғазиев, әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
-Керемет дүниелердің бірі осы – «Хабар» арнасы ұсынып жатқан «Бес жұлдыз» жобасы. Неге десеңіздер бұл шалғайдағы бүкіл ауыл, елді мекендегі көрермендердің көру мүмкіндігі өте зор болып тұр. Шығармашылықта жүрген, өзінің бағы жанбай немесе күллі қазақ тани бермейтін жастарды тұлға етіп қалыптастыру мақсатында жасалып жатқан дүние.
«Бес жұлдыз» шоуының әр бағдарламасында 5 шәкірт өнер көрсетеді. Оны әр өңірден келген музыка саласының мамандары бағалайды. Шоудың тұсаукесері Хабар телеарнасында 9 наурызда, 19:00-де басталады.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов