Елімізде өндіріс саласындағы маман тапшы
Жаңа өндірістік саясатты жүзеге асыру үшін заман талабына сай маман қажет. Алдағы 5 жылда елімізде 14 гигаватт энергетикалық қуаттылық қолданысқа берілуі тиіс. Мұны Президент Жолдауында айтты. Соңғы 3 жылда еліміздің энергетика класстерінде маман саны 18% азайған.
Қазірдің өзінде республикадағы 800 жоғары технологиялық кәсіпорында білікті маман тапшы. Мұны Еңбек министрлігі де растап отыр. Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарының еңбек нарығында ұсыныстан сұраныс үш есе көп. Сондықтан кеншілер республикалық еңбек биржасын құрып, қажетті кәсіп иелерін өзге өңірлерден іздеуді ұсынып отыр.
Андрей Лазарев, өндіріс орнының атқарушы директоры:
- Елімізді толықтай қамтитын ортақ жүйе қалыптастыру қажет. Бұл Шығыс Қазақстанның жастарымен қатар өзге өңірлердің тұрғындарына да мүмкіндік болады. Әсіресе жұмыс орны тапшы аймақтардан мамандар келіп, өндірісті дамытуға өз үлесін қосса дұрыс болар еді.