Қарағандының тіл жанашырлары қатемен күресті бастады
Қарағандының тіл жанашырлары көше жарнамасындағы көз сүрінетін қатені жою мақсатында кәсіпкерлерге тегін көмек көрсете бастады. Ол үшін көрнекі ақпараттың өзге тілдегі мәтінін «WhatsApp» желісіндегі нөмірге жіберсе жеткілікті. Аз уақытта тегін, сауатты жарнаманың мәтіні дайын болады. Бірақ көптеген кәсіп өкілдері тегін қызметті қажет етпей отыр.
Жыл басынан бері еріктілер 2 мыңнан астам дүкен және сауда үйіндегі қатені анықтаған. Олардың тек 100 жуығы сауатсыз жазбаны жөндеуге ниет танытыпты.
Бұл – Қарағандының оңтүстік шығыс ауданы. Қазір еріктілер мен жауаптылар әр дүкен мен бизнес нысанды аралып, сауатсыз жазылған жарнаманы анықтайды. Мысалы, мұнда жұмыс уақыты туралы ақпарат пен дүкеннің ішінде барлық баға және тауар атауы ресми тілде жазылған. Бұл заңға қайшы. Дүкен иесі «білмедік» деп құтылады. Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайтыны белгілі. Бірақ заң осал. Алдымен тек ауызша ескертпе беріледі.
Гүлбану Ахметжанова, кәсіпкер:
- Біздің дүкен жақында ғана ашылды. Жұмысымызды енді бастап жатырмыз. Мамандардың тегін аударма жасап беретіні құптарлық іс екен. Әлбетте жақын арада барлығын қазақшалап қайта ілеміз.
Ал бұл осы маңға жақын орналасқан дәмхана. Мұнда да сыртқы жарнама да, ішкі мәзір де тек ресми тілде жазылған. Бірақ оны ертеңнен бастап жазуға кіріспек-міс.
Тоқтар Бадықов, дәмхана әкімшісі:
- Негізі екі мәзір болуы керек. Қазақ және орыс тілінде. Себебі кей адамдар тағам аттарын білмей жатады. Сондықтан біз тегін қызметке жүгініп, мәзірді ауыстырамыз.
Заңнама талаптарын түсіндіру және бизнеске тегін аударма мен әдістемелік көмек көрсету үшін биыл ресурстық тіл орталығы мамандары 2000 астам нысанды аралаған. Тіл заңнамасы туралы 2300 астам ақпараттық буклет таратылыпты. Сондай-ақ жедел желі ашылған. Жыл соңына дейін тағы 1 мың нысанды тексеру жоспары бар.
Мөлдір Смағұлова, тілдерді дамыту басқармасы жанындағы «Ресурстық тіл орталығы» КММ басшысы:
-Тегін деген дүниенің кішкене болсын ықпалы болып тұр. Өйткені бұрын мүлде ақпарат парақшаны бергенде кейбірі ескеріп, кейбірі қоқысқа тастап қалатын сол жәшікте. Ал тегін болған соң олар ойлана бастады. Бір хабарлассам ештеңе етпейді деп кері байланысқа шығып жататын.
Жарнамадағы қатені көпе-көрнеу түзетпейтін нысандар да бар. Заң бойынша оларға алдымен ескерту, қайталанса 5-тен 25 АЕК дейін айыппұл салынуы тиіс. Бірақ ол айыппұлды тілдерді дамыту басқармасының салатын құзіреті жоқ. «Жаза болмағандықтан, қатені жөндеуге асықпайтындардың қатары азаймайды», – деп күйінеді мамандар.
Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар