Кәріз суы қаланы ластады
Атырау облысына қарасты Құлсары қаласында «Жылыойсу» мекемесі кәріз суын шаһардан 12 шақырым жерге тазартылмаған күйінде рұқсатсыз төгіп келген. Қазір ол жерде жалпы ауданы 150 мың шаршы метр сасық көл пайда болыпты. Бұл маң төрт-түліктің жайылымы болғандықтан тұрғындар да дабыл қағып отыр. Ауданда сарқынды су тазартатын кешен жоқ. Бірнеше жыл бұрын салына бастаған нысанның қаңқасы ғана тұр. Ал жергілікті билік кәріздік-тазарту қондырғысының құрылысын жалғастыруға құлықсыз.
Нұрлан Жахин, облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары:
-Сарқынды сулардың рұқсатсыз төгілуі департамент қызметкерлері мен жедел-іздестіру шараларын жүзеге асыру барысында анықталған болатын. Жылыой аудандық сотының қаулысымен «Жылыойсу» мекемесі 274 млн теңгеден астам айыппұл төлеу бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.