Хабар телеарнасы

Жамбыл облысындағы 4 ауыл жылдар бойы газсыз отыр

Жамбыл облысындағы Жуалы ауданының 4 ауылы биыл қысты тағы газсыз өткізеді. Жалпы ауданындағы 49 елді мекеннің 45-і газға қосылған. Қалғаны 30 жылдан бері табиғи газды тосып жүр. Ал аймақтық энергетика басқармасы жоба жасап, құжаттарын сараптамаға жіберіпті. Соған сәйкес бюджеттік өтінім берілмек. Егер Энергетика министрлігі мақұлданса, келер жылы құрылыс жұмыстары басталады. Оған дейін тұрғындар тезек тасып, көмір түсіруге мәжбүр. Тек Қарабастау ауылдық округіндегі халық саны 2 мыңды еңсерген. Айтуларынша, көмір бағасы қымбат. Оның өзін облыс орталығынан алдыру керек.

Балғынбек Мұратбаев, Қарабастау ауылының тұрғыны:
-Тезекті полядан жаңағы қапшығын алып жинап жатқан азаматтар да бар. Тезектің өзін сатып алып отырғандар да бар. Ал көмірді айтпай-ақ қой. Оның мәселесі өте проблемный. Жаңағы 25 мыңға алса, тағы 25 мыңға көлікпен әкеледі.

Мәулен Қожақов, облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы:
-4 елді мекенге жеткізуші газ құбырын тарту 1 млрд тг-ден астам болып тұр. Егер республикалық бюджеттен 1 жыл ішінде бөлініп қолдау табатын болса аталған жұмысты 2024 жыл соңына дейін аяқтаймыз
.