Қазақы нақышта етік тігетіндер саны артып келеді
Халқымыз «Ерінбеген етікші болады»,- дейді. Иә, аяқ киім тігу екінің бірі қолға алатын кәсіп емес. Дегенмен ел ішінде былғарыдан қазақы нақышта етік тігетіндер саны артып келеді. Мемлекеттен 5 млн теңге грант ұтып алған Павлодар облысының тұрғыны етік тігетін шағын цех ашты. Жасы 20 енді асқан іскер азамат келешекте кәсібін кеңейтіп, шәкірт тәрбиелеу жағын да ойластырып жатыр.
Бұл аяқкиім цехының ашылғанына небәрі екі апта болды. Тұрсынбек Кеңшіліктің отбасы осыдан 3 жыл бұрын Қытайдан қоныс аударған. Бас кезінде әкесі ұлының бастамасын құптай қоймаған. Етік тігетін тері мен былғарыдан тапшылық туындайды деп ойлапты.
Тұрсынбек Кеңшілік, Успен ауылының тұрғыны:
- Әй бұл кәсіп қалай болар екен, тауарды басқа жақтан әкелу керек қой дедім мен. Сөйтсем материалдың бәрі Қазақстанның өзінен шығып жатыр екен. Әр облыста әрқалай шығып жатыр. Қой терілерін, сиыр терілерін мәнерлеп, содан кейін осы баламды қолдап, қуаттап жатырмын.
Етік тігуге керек шикізат көзін кәсіпкер оңтүстіктен әкеледі. Соңғы жылдары былғары баптап, тері илейтін зауыттар елімізде көптеп ашылып жатыр. Ең бастысы – өнімнің сапасында мін жоқ.
Ерзада Тұрсынбек, кәсіпкер:
- Бұл енді қолтырауын терісіне ұқсатылып жасалған терілер. Бұл сондай аяққа жұмсақ әрі ыңғайлы келеді. Аяқкиім шығарсақ та, мәсі тіксек те бұл терілер өте ыңғайлы. Сондай жұмсақ, созылғыш келеді. Аяққа жұмсақ, батпайды. Ерекшелігі осында.
22 жастағы Ерзада да етікшіліктің қыр-сырын әбден меңгерген. Болашақта шәкірт тәрбиелесем деп армандайды. Әзірге саптама етік, мәсі, кебіспен қатар спорттық және классикалық үлгідегі аяқкиім түрлерін тігіп жатыр.
Ерзада Тұрсынбек, кәсіпкер:
- Жаңадан бастап жатқандықтан енді көп аяқкиімді бір күнде шығарып үлгере алмай жатырмыз. Үйренем деген жастар болса ол таптырмас орай. Мен өзім тегін үйретемін. 3 айдың ішінде бір маман болып шығуына мен көмектесемін.
Айдос Жақыпов, Успен аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:
- «Іскер» бағдарламасы бар бізде. Биыл 20 жоба іске асырылды. Сонымен қатар «Ауыл аманаты» бағдарламасы. Биыл 2,5% 14 жоба қаржыландырылды.
Шағын кәсіпті 5 млн теңге мемлекеттік грантпен бастаған кәсіпкер айына кем дегенде 50 аяқкиім шығаруды жоспарлап отыр. Экологиялық таза, табиғи материалдардан тігілген өнімге сұраныс жоғары болатынына сенімді. Қазақы аяқкиімдерге интернет арқылы тапсырыс алып, әлемнің кез келген бұрышына жөнелтуге дайын.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков