Әскерге барып келген 600 азамат жоғары оқу орнында тегін оқуын бастады
Әскери борышыңды өтеп, тегін оқы. 600 азамат осы жылы басталған жаңа жобаның игілігін көруде. Олар еліміздегі 70 университетте өздері қалаған мамандық бойынша оқуларын бастады. Қорғаныс министрлігінің ақысыз білім алу бағдарламасына қалай қатысуға болды?
Кешегі жауынгер — бүгінгі студент. Әскерден кейін тегін оқуға қабылданған жастардың бірі — Әділет Құдашев. Ол Жаңаөзендегі әскери бөлімде қызметін өтеген. Ал өзі армандаған оқу орнын Астанадан тауыпты. .
Әділет Құдашев, студент:
-Өзімнің еркім болды әскерге бару. Қайтуыма 3-4 ай қалған кезде бізге үш университеттің бірін таңдауға берді. Әскерге бармасам бұл жерге оқуға түсуім қиын болуы мүмкін еді. Сол әскердің арқасында, сертификаттың арқасында қалаған мамандығыма түстім.
Қиын деп тұрғаны әр талапкер ҰБТ–сыз және жоғары балы болмаса оқуға тегін қабылданбайды. Ал ақылы негізде оқимын десеңіз кей университеттердің төлемақысы қалтаңызды қағады. Бұл қатарда кейіпкеріміздің де оқу орны бар.
Болатжан Құмалақов, университеттің оқу және тәрбие ісі жөніндегі проректоры:
-Бізде бекітілген баға 2,5 млн теңге жылына. Бірақ армиядан кейін келген жігіттер олардың оқуы тегін. Жыл сайын 20 адам қабылдауға дайынбыз.
Әділет Құдашев, студент:
-Егер де мен осы мамандықты бітіретін болсам әртүрлі сайттарды шығаратын, сайттардың дизайнын жасайтын, гуглға шығуына жауап беретін маман боламын және де ойынды шығарамын.
Әскерден кейін мамандық түрін таңдау еркі сақталған.
Айгүл Төлембаева, ҚР Қорғаныс министрінің кеңесшісі:
-Әзірше 70 оқу орнымен келісім жасалған. Экономист, инженер, медицина, қорғаныс басқада салаларда 604 жігіт оқуға қабылдадын. Алматы, Павлодар мен Көкшетауға түскендер көп. Енді бұл жобаны мемлекеттік грант түріне ауыстыру жоспарымыз бар. Соған қол жеткізсек студенттерге шәкіртақы беріліп, жатақханамен қамтылар еді.
Ескеретін жайт тегін оқу сертификаты әскерге барып келген жастардың бәріне беріле бермейді. Жауынгер қызметін өтей жүріп сол жолдаманы алуға лайықты екенін дәлелдеуі тиіс.
Руслан Жангулин, ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы:
-Олар түрлі жаттығулардан сынақ тапсырады жыл бойына. Бұл бірінші кезекте дене шынықтыру дайындығы, құқтық дайындық, командирлік, жауынгерлік дайындық бойынша үздік шыққан сарбаздар тегін білім алуға мүмкіндік алады.
Әзірше жыл сайынғы квота 1,5 мың адам деп бекітілген. Сертификаттың жарамдылық мерзімі екі жыл. Бұл шаралар жастардың қызығушылығын оятып, армияның беделін арттыру үшін қолға алынған.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Самат Оспанов