Енді жеке мәліметтер қорғалады
Елімізде түрлі ұйымдарға азаматтардың жеке куәлігінің көшірмесін жинауға тыйым салынуы мүмкін. Мәжілісте ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданып, Сенатқа жолданды. Маңызды құжат 3 бөліктен тұрады. Алғашқысы жеке мәліметтердің қорғалуы мен оларды сақтайтын жүйелердің жұмысына мониторинг жүргізу. Екіншісі, сондай сайттарға қолдан шабуыл ұйымдастырып, осал тұстарын жетілдіру. Ал соңғысы, мемлекеттік органдардың порталдарына ғана қызмет көрсететін ақпараттық қауіпсіздік орталығын құру. Ол Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жанынан ашылмақ. Естеріңізде болса, жақында телеграмм желісінде қазақстандықтардың жеке мәліметтері тараған болатын. Жауапты министрлік, бұған қатысты да түсініктеме берді.
Мәлік Олжабеков, ҚР Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орынбасары:
-Олар әртүрлі дереккөздерден, оның ішінде әлеуметтік желілерден ақпарат жинақтаған. Сондықтан біз дереккөздердің бірі ретінде Қазақстанда тыйым салынған сервис арқылы алынды деп отырмыз. Ондағы мекенжайлар бұрын тараған, ескіріп кеткен ақпарат. Сондай-ақ әртүрлі тауар мен тағамға тапсырыс беру сайттарынан да алынған болуы мүмкін. Біз бұл сервисті бұғаттауға өтінім бердік. Ал тараған ақпаратты сарапшылармен зерттеп жатырмыз. Олардың нақты қайдан алынғанын анықтауға тырысамыз.
Сондай-ақ аталған Заң жобасы бойынша осылай жеке мәліметі таралып кеткен азаматқа 3 күн ішінде хабар берілуі тиіс. Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляеваның сөзінше, дербес деректердің таралуына жол бергендерге салынатын айыппұл да көбейтіледі. Әзірге оның көлемі 50 айлық есептік көрсеткіштен басталады.
Екатерина Смышляева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Мәселен, бизнес өкілдері, «бізге қымбат бағдарлама сатып алғанша, айыппұл төлеген тиімді»,— дегенді айтады. Өкінішке орай, расымен де солай. Тіпті олар соттасып та жатпайды. Сондықтан әкімшілік кодекс аясында айыппұл көлемін өсіру мәселесін көтереміз.